Терезеден келген қауіп: Биыл 200-ден аса жазатайым оқиға тіркелді

Өкінішке қарай, олардың 22-сі көз жұмды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде балалардың терезеден құлау дерегі көбейіп барады. Былтыр 161 жазатайым оқиға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 212-ге жеткен. Мамандардың айтуынша, күн жылынған сайын ашық терезелерден балалардың құлау қаупі де айтарлықтай артады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Балалардың терезеден құлауы елдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жыл басынан бері елімізде 212 бала көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлап, түрлі деңгейде жарақат алған. Өкінішке қарай, олардың 22-сі көз жұмды. Алаңдатарлығы сол, жыл аяқталмай жатып-ақ биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Мамандар мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ересектердің қарауынсыз қалған сәтте орын алатынын айтты.

«Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мақсатында барлық ата-анаға ескерту хабарламалары мен жадынамалар жолданады. Сондай-ақ 2026 жылдың жаз мезгілі басталғаннан бері бірқатар өңірлерде еріктілермен бірлесіп «Абайлаңыз, ашық терезе!» профилактикалық акциясы өткізілуде», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Елде қауіпсіздік шарасын күшейту мақсатында 1 шілдеден бастап жаңа құрылыс кодексі күшіне енген. Жаңа талапқа сай енді көппәтерлі үйлерді қабылдау кезінде жауаптылар терезеде қауіпсіздік құрылғыларының болуын қадағалайды. Құрысшылар одағының өкілдері бұл қадамды құптап отыр.

 «Біріншіден,  ата-ананың жауапкершілігі, ата-ананың қадағалауы тиіс. Екіншіден, арнайы қорғану құрылғысын терезеге орнату керек. Ол құрылыс барысында кәдімгі қажеттілік деп саналады. Бұл талапты қолдап отырмыз, – деді Қазақстан құрылысшылар одағы сараптама бөлімінің басшысы Ернұр Исақұлов.

 Ал ел тұрғындары мұндай жағдайда ешкімге сенбей, әр ата-ана баланың қауіпсіздігін мойнына алуы тиіс деп санайды.

«Барлық қауіпсіздік ережесі, ата-ананың қолында. Қандай да бір бала-шағының қателігі ата-ананың қателігі. Екінші қабатта тұрамыз.  Бірақ қауіпсіз шараларын толық орындадық»,– деді қала тұрғыны Бауыржан Алданазаров.

Балаларға төнетін қауіп мұнымен ғана шектелмейді. Жаз мезгілінде суға кету деректері де азаймай тұр. Жыл басынан бері құтқарушылар 81 кәмелетке толмаған баланы судан аман алып шыққан. Ал шомылу маусымы басталғалы елімізде 102 адам суға батып көз жұмса, олардың 34-і – балалар. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Ата-ана жауап беруі керек. Себебі ол – ата-ананың міндеті. Мердігер компаниялар құламауы үшін тор қою деген мәселені заң аясында қарастыру кере», – деді қала тұрғыны Жандос Егембаев.

Оқи отырыңыз: Атырауда ойын-сауық құрылғыларын заңсыз жалға беретіндер анықталды