Онда 7 партияның атауы жеребе нәтижесіне сәйкес ретпен орналастырылған
Құрылтай сайлауының бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген нұсқа болады. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру парағының үлгісін таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Онда 7 партияның атауы жеребе нәтижесіне сәйкес ретпен орналастырылған. Тізімді «Әділет» бастап тұр. Одан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және «Respublica» жазылған. 12,7 миллион бюллетень басып шығарылады. Олар учаскелік сайлау комиссияларына сайлауға дейін 1–3 күн аралығында жеткізіледі.
«Дауыс беру бюллетенінің бланкісі екі жақты, А4 форматында жасалған. Көгілдір түсті. Бірінші бетінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы, бюллетеннің атауы жазылған. Екінші бетінде 2026 жылғы 23 шілдеде өткізілген жеребе қорытындысына сәйкес ретпен саяси партиялардың атауы және «бәріне қарсымын» деген жол бар. Бюллетеньдердің қорғаныс дәрежесін белгілеу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Олар офсеттік баспа тәсілімен қолданылатын полиграфиялық қорғаныс әдісін, түсін, баспа қарпін және басқа да деректі қамтиды», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник.
Құрылтай сайлауын халықаралық ұйымдар мен өзге мемлекеттердің өкілдері бақылайды. Орталық сайлау комиссиясы оларды тіркеуді бастап кетті. Бүгін 9 елден және 4 халықаралық ұйымнан 155 байқаушы аккредитация алды. Олардың ішінде Ресей, Әзербайжан, Армения, Қырғыз, Румыния және Украинадан байқаушы бар. Аталған миссиялардың құрамына 29 елдің атынан 74 депутат кіреді.
Айта кетейік, бүгінге дейін 251 шетелдік байқаушы тіркелді. Бұл тізім әлі де жаңарады.
«Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясынан – 86 байқаушы, ТМД байқаушылар миссиясынан – 22 байқаушы, ТМД қатысушы мемлекеттердің Парламент аралық ассамблеясынан – 23 байқаушы, Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік ассамблеясынан – 6 байқаушы тіркелді», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Оқи отырыңыз: Жастардың саяси белсенділігі мен сайлауға қатысуының маңызы талқыланды