ҰҚК жүргізген қылмыстық іс шеңберінде оның бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты жасауға шақырғаны анықталды
Жыл басынан террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 60-тан астам адам қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл маусым мен шілде айларында діни радикализмді қолдаушыларға қатысты бірқатар сот шешімі күшіне енді.
"Шымкент қаласының соты аталған мегаполис тұрғынының бірін терроризмді насихаттағаны үшін кінәлі деп танып, 7,5 жылға бас бостандығынан айырды. ҰҚК жүргізген қылмыстық іс шеңберінде оның бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты жасауға шақырғаны анықталды. Интернеттегі экстремистік мазмұнның әсерінен радикалданған", — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар Астана соты ҚР аумағында терроризмді насихаттаумен және экстремистік топтарға адамдарды тартумен айналысқан шетелдік азаматты 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Жалпы жыл басынан ҰҚК тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 60-тан астам адам, оның ішінде 3 шетелдік азамат түрмеге қамалды.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік сатып алу туралы заң шағымдарды үш есеге азайтты