Қаладағы көптеген мектепте қазақ тілінде пікірсайыс үйірмелері ашылған
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі». Осы ұстанымды ұран еткен алматылық ұстаздар оқушыларды жаңа форматта оқыта бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаһанданған заманда баланың зейіні цифрлық технологияға ауғаны белгілі. Осыны ескерген алматылық педагогтар оқушыларды ерекше әдіспен оқытуға көшкен. Сол жаңа форматтың бірі - интерактивті сабақтар. Онда балалар қазақ тілін үйреншікті үлгіде емес, ойын ойнап, ребус пен жұмбақ шешу арқылы тереңірек меңгереді. Бұл шәкірттердің зейінін ашып, пәнге деген қызығушылығын оятады. Осы мақсатта ұстаздар қажет дүниенің барлығы жүктелген бірқатар платформаларды қолданып жүр.
«Мектептерде мұғалімдер қолданатын түрлі интерактивті жоба бар. Соның ішінде қазақ тілін ойын түрінде игеруге мүмкіндік беретін платформалар жетерлік. Бастауыш сыныптарға қазақ тілін мультфильмдер мен кейіпкерлер арқылы үйретеміз. «Оқу - инемен құдық қазғандай» демекші, мұның барлығы ізденімпаз ұстаздардың еңбегі, балаға деген махаббаты десек болады», – деді № 68 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Ажар Еркінбекова.
Сондай-ақ қаладағы көптеген мектепте қазақ тілінде пікірсайыс үйірмелері ашылған. Онда оқушылар қоғам алдында сөйлеуді үйренеді, шешендік өнерді игереді, сөздік қорын көбейтеді. Ал зияткерлік сайыстарда белгілі бір тақырып төңірегінде көзқарасын білдіруге дағдыланады. Ұстаздардың сөзінше, бұл әдіс те балалардың қазақша ойлау көкжиегін кеңейтеді.
«Бұл балалардың тек тілді үйреніп, оның аясын кеңейтуден бөлек, балалардың функционалдық сауаттылығын арттырады деуге келеді. Өйткені, пікірсайыс кезінде балалар өзінің бойында бірнеше қасиетті қатар дамытатын болады. Соның ең үлкені – олар қаза тілінде ақпарат іздейді, талдайды. Өзіне керектісін сіңіреді де және оны басқалармен бөліседі», – деді № 172 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сымбат Ыдырыс.
Сонымен қатар балаларды актерлік шеберлікке үйрететін үйірмелер де іске қосылған. Онда қойылымдар қазақ әдебиетіндегі туындылар негізінде сахналады. Яғни, оқушылар ежелгі эпостар, танымал романдар мен қазіргі заманғы шығармалардағы кейіпкерлерді қазақша сомдайды. Сол арқылы ана тілін жетік меңгеріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.
Аяулым Көлжігіт, Маржан Манапова, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: «Ұлттық қор — балаларға»: ата-ана немесе заңды өкіл нені ескеруі керек