Сот шешіміне сәйкес, дәрігер кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылды
Астанадағы стоматологияда қайтыс болған үш жастағы қыздың өліміне қатысты айыпталған анестезиолог Аида Жұмағалиеваға бүгін үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сот шешіміне сәйкес, дәрігер кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты судья сотталушыны негізгі жазадан босату туралы шешім қабылдады. Үкім заңды күшіне енгенімен, анестезиолог жазасын өтеуден босатылып, сот залынан еркіндікке шықты.
«Аида Жұмағалиеваға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар медициналық көмек немесе қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айырылсын. 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» Заңның 1-бабы бойынша негізгі жазадан босатылсын. Сот үкімі заңды күшіне енген соң Жұмағалиева өзі тұратын жеріндегі пробация қызметіне тіркелуге міндеттелсін», – деді судья Қажымұқан Мекемтас.
Судьяның айтуынша, балаға талапқа сай келмейтін тыныс алу контуры қолданылған. Сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппаратымен синхрондау болмаған. Соның салдарынан өкпенің минуттық вентиляциясы төмендеп, жедел гипоксия мен мидың ісінуіне әкеп соққан.
Айта кетейік, қайғылы жағдай былтыр қазанда болған. 3 жастағы қыз елордадағы жекеменшік клиникалардың бірінде наркозбен ем қабылдау кезінде есін жимастан көз жұмған.
Оқи отырыңыз: Оқытушыға пышақ жарақатын салған студент ұсталды