Қабырғалар дымқыл тартып, төбеден су сорғалап, бұрыштарды қара зең басқан
ШҚО-да құны 20 миллион теңгеден асатын жаңа баспаналардың тұрғындары құрылыс сапасы сын көтермейді деп шағым білдіріп отыр. Кожохово ауылында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйде зең басқан қабырғалар, құбырдан сорғалаған су мен мұз қатқан бұрыштар халықты әбден әбігерге салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сырт көзге заман талабына сай әрленген баспаналардың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Қабырғалар дымқыл тартып, төбеден су сорғалап, бұрыштарды қара зең басқан. Жұрт пәтерлерінде тоңып отырғанын, тұрмыстық техникаларының жиі істен шығатынына шағымданды
Бұл үйлердің мемлекеттік бағдарлама негізінде салынып, пайдалануға берілгеніне бір жыл болған. Ауыл тұрғыны Гауһар Есқалиева баспана кезегін 25 жыл күткен. Алайда пәтер кілтін алғандағы қуанышы ұзаққа созылмаған. Бұрыштарда қырау қатып, төбеде өңделмеген тақтайлар, тіпті жәндіктер байқалған. Ал ас үйге ыстық суды өздері қостыруға мәжбүр болыпты. Қазір мұндағы жұрт үсіп қалмаудың амалын жасап, үй ішіндегі ылғалды арнайы құрылғылармен құрғатып отыр.
«Суық түскеннен кейін басталды. Қатты жел соқса қорқамыз, өйткені төбедегі ағаш тақтайлар қозғалып кетеді. Одан қалды сықырлап, құрттар түседі. Тіпті зиянкестердің ағашты кемірген дыбысы естілетін. Құрылысшыларға талай рет айттық, бірақ сөзімізді елемеді», – деді ауыл тұрғыны Фарида Қамшыбаева.
Жергілікті билік мәселеден хабардар екен, алайда әбігерге түскен тұрғындар түйткілін шешіп беруге асықпаған көрінеді. Пәтерлерді екінші нарықтағы үйлерге ауыстырудан да бас тартқан. Әзірге атқамінерлер көпқабатты үйді жөндейміз деген уәдемен шектеліпті. Оның өзі көктемнің соңына жоспарланып отыр.
«Ауа райы тұрақталған соң, сәуір-мамыр айларында анықталған ақауларды жоюға кірісеміз. Көктемде қосымша тексеріс жүргізіліп, мердігер ұйымға ресми түрде тапсырылады. Үй кепілдік мерзімінде, сондықтан міндетті түрде жөндеу жұмыстарын атқаруы тиіс», – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Аян Мәкиев.
Ал тұрғындарға әзірге «жыртықты жамап», күннің жылынғанын күтуден басқа амал жоқ.
Әйкерім Пернебек, Руслан Мұхамедияров, ШҚО
Оқи отырыңыз: Денесін бөлшектеп тастаған: Ақмола облысында ер адам отбасы мүшелерін қатыгездікпен өлтірген