Тоқаев мұғалімдерді қағазбастылық пен бітпейтін есептен босатуды тапсырды

26.08.2026 15:34

Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды

Аlmaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде білім беру базасын жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріліп, мұғалімдердің уақытын алатын шаруалардан арылуына мүмкіндік жасалады.

«Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады.

Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұғалімдерді оқу процесіне тікелей қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол бермеу керектігін атап өтті.

«Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды.

Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналмақ

Толық көрсету