Тоқаев шынайы отаншылдық белгілерін санамалап берді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі", - деді Мемлекет басшсы.

Мемлекет басшысы аймақтарға іссапар барысында кездескен инженерлер, жұмысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар, әскери қызметшілер, мәдениет қайраткерлерді – сүйікті Отанымыздың нағыз патриоттары екенін атап өтті.

"Отан отбасыңнан, аулаңнан, көшеңнен басталады. Сондықтан, айналаңды аялап, табиғатты таза ұстау керек. Әлемде мультикультурализмді қолдап, ұлтаралық және дінаралық татулықты жақтайтындар мен өзін нағыз патриот санайтын радикалды ұлтшыл топ өкілдері арасында қақтығыс болып жатыр. Меніңше, екі жақтың да ұстанымы ұшқары. Себебі, Азияда бағзы заманнан бері заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» бар. Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құрметтеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтайын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен көтеру қағидаттары айрықша маңызды. Әйтпесе, жоспарларымызды орындап, мақсаттарымызға жету екіталай болмақ",  деді Президент.

Оқи отырыңыз: Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады – Тоқаев

Новости партнеров