Тоқаев Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты
Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан - Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақорданың хабарлауынша, жобаны әлемдегі биологиялық ашыту саласы көшбасшыларының бірі — қытайлық Fufeng Group компаниясы іске асырады. Өндірістік кешенді инвестициялаудың алғашқы кезеңіне 350 миллион доллар жұмсалды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.
Екінші кезеңде кәсіпорынның жүгері өңдеу қуатын жылына 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту және шығарылатын өнім түрлерін арттыру қарастырылған. Бұл кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі 1,15 миллиард доллар болады.
"Өнеркәсіп паркін құру 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға және елімізде жүгері дәнін терең өңдеу бойынша толық өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді", — делінген хабарламада.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді ілгерілетуге, Қытаймен өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан мен Қытайдың сауда айналымын $100 млрд-қа жеткізу көзделіп отыр