Қайғылы жағдай 1 апта бұрын Қонаев қаласындағы демалыс орындарының бірінде болған
Алматы облысы Қапшағай су қоймасының маңында 11 жастағы бала тоққа түсіп, көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы жағдай 1 апта бұрын Қонаев қаласындағы демалыс орындарының бірінде болған. 11 жастағы жеткіншек жақындарымен демалуға барып, жағажай маңындағы құм төбешегіне ойнауға кеткен. Дәл сол маңнан жоғары кернеулі электр желісі өтеді екен. Марқұмның жақындарының айтуынша, сым әу бастан салбырап, құмға тиіп тұрған. Ойнап жүрген жеткіншек оған жақындай бергенде, тоқ бірден ұрған. Айналадағылар дереу көмекке ұмтылған, бірақ баланы аман алып қалу мүмкін болмапты.
«Қоңырау шала бастадық, сол жердегі күзетке хабарластық. Олар «тағы біреуді тоқ ұрды, әне» дейді. Яғни, бұл жерде мұндай жағдайдың қайталанып жатқанын білген. Білген, бірақ ештеңе істемеген. Бәрін сол күйі тастап кеткен. Қанша адамның жарақат алғаны белгісіз. Ашық айтқанда, бұл – өте ауыр қайғы. Олар баланы қайтарып бермейді ғой, қайтып келмейді», – деді марқұмның ағасы Кирилл Дорогуш.
Жазғы демалыста ажал құшқан жеткіншектің туыстары әлеуметтік желіге бейнежазба жариялап, демалыс орталығына тексеріс жүргізуді сұраған. Олардың сөзінше, қайғылы жағдай қайталануы мүмкін. Сол күннің өзінде баланың артынан көмекке жөнелген бір қыздың бірнеше жері күйіп қалып, тағы екі адам жеңіл жарақат алған көрінеді. Электр желілерінің жанында белгілер мен ескертулер де орнатылмаған.
«Біздің отбасында болған жағдайды білесіздер, мұндайды ешкімге тілемеймін. Осы оқиғадан кейін барлық демалыс орындары, барлық электр желілері толық тексерілсе, кемшіліктер жойылса деген тілегім бар», – деді марқұмның әпкесі Светлана Дорогуш.
Марқұм 5-сынып оқушысы Артур Дорогуштың жақындары демалыс орталығының салғырттық танытып, бала қазасынан кейін де жөнді жауап бермегеніне налиды. Біз де жағажайға барып, орталық өкілдеріне сұрақ қойып, тілдеспек болдық. Алайда басшылығы жауап беруден бас тартты. Айтуларынша, қайғылы жағдай оларға тиесілі аумақта болмаған.
Қауіпсіздік нормасына сәйкес, мұндай электр желілеріне 8 метрден жақындауға болмайды. Бірақ ешкім талапты орындап, қадағалап жатқан жоқ. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қайғылы жағдайдан кейін тоқ бағандары басқа жерге көшірілген. Ал полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
«Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша Қонаев қаласының Полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық жағдайларын жан-жақты зерттеу жүргізілуде», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
11 жастағы Артур Дорогуш 6-сыныпқа аяқ басқан. Жеткіншек спортқа құмар, білімге ынталы оқушы болған. Марқұмның денесі туған жері Беларусь еліне жеткізіліп, сол жақта жер қойнына тапсырылды. Әділдік іздеп шырылдаған Артурдың туыстары тергеудің әділ жүріп, кінәлі тараптың тиісті жаза алуын талап етіп отыр.
Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында көшпелі жауынгер жерленген көне қорған табылды