Енді төлем картасының дерегін бөгде адамға бергендер жауапқа тартылады

11.07.2025 20:26

Қазақстанда 6 мыңнан астам дроп-карта иесі анықталды

Елімізде енді бөгде адамға өз төлем картасының деректерін берген азаматтардың есепшоттары бұғатталуы мүмкін. Осылайша, алаяқтарға ұрланған ақшаны жасыруға жәрдемдесетіндерге, яғни дропперлерге заң қатаңдатылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазірдің өзінде мұндай күдікке ілінген мыңдаған адам бар. Былтыр елде осы схемамен 24 миллиард теңге ұрланып, 6200 дроп-карта анықталыпты. Қазір Сенат қылмыстың бұл түріне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр.  

Елімізде интернет арқылы жасалатын алаяқтық тыйылар емес. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл қылмыстың түрі күрделеніп, құрығы ұзарып барады. Әрбір екінші адам күніне таныс емес нөмірлерден ондаған қоңырау қабылдап, күмәнді сілтемелер арқылы сайттарға өтіп, қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналғанын байқамай да жатады.

«Біз электр желісіненбіз деді.  Есептегіш құралды тексерді ме деп сұрады, мен «жоқ» де едім, «онда қазір тексереді, үйде боласыз ба?» деп сұрады. Артынша «телефоныңызға код келеді, соны айтып жіберіңізші» деді. Мен байқамай айтып жібердім. Бірақ түсініп, бірден банкке звондадым», - дейді қала тұрғыны Малика Азизова.

«Жаңа ғана хабарласты. «Бір орталықтанбыз, деректеріңіз керек» деді. Ондай жағдайда бірден бұғаттап тастаймын», - деді қала тұрғыны Айжан Еңілісова.

Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде интернет-алаяқтық пен есірткі саудасына қатысы бар 50 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың 6 мыңнан астамы - дроппер. Яғни, ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізіп, қаржыны жасыруға көмектесетін, қылмыстың көлеңкесінде қалатын тұлғалар. Көбі мұның салдары ауыр болатынын жіті түсінбейді де. Ал қолды болған қаржыға делдал болып, дроппингті кәсіпке айналдырып ақша тауып жүргендер аз емес.

«Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында Бас прокуратура қылмыс жасауға жәрдемдескен 6 мыңнан астам дроппердің жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта Парламент Сенатында заң жобасын мақұлдау рәсімі өтуде. Егер сіз бұған дейін өз шотыңызды үшінші тұлғаларға берген болсаңыз, ықтимал құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу үшін банк бөлімшесіне дереу жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаны өзіңіз бұғаттаңыз», - деді ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Саян Әбденов (Астана).

Араағайын болу да абақтыға апарады. Көп жағдайда азаматтар картасын жоғалтып немесе «жәрдемдесейін» деп, өздері білмей дропперге айналып кетеді. Бірақ бұл жауапкершіліктен босатпайды. Сенат заң жобасы қабылдаса, картасын бөтен адамға ақша үшін бергендерге жаза қатаңдайды. Яғни, дроппердің барлық банктік шоты бұғатталады. Азамат енді күмәнді тұлғалар тізіміне еніп, қаржылық қызметтерден шектеліп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мұндай шаралар тек ел азаматтарына ғана емес, өзге мемлекеттерде шотын дроппингке пайдаланған шетелдіктерге қатысты да қолданылмақ.

«Интернет алаяқтық белең алуда. Жылдың басынан бері 1800 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Қылмыстың 75%-ы ізін суытпай ашылды. Жылдың басынан 100-ге жуық дроппер ұсталып, қазір қамауда отыр. Олар - 20-35 жас аралығындағы адамдар. Көбіне «банк, пошта қызметкерімін» деп хабарласып, фишингтік сілтемелерден өткен адамдардың мобильдік деректеріне қол жеткізе алады», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Егер сіз алаяққа абайсызда деректеріңізді беріп, дроппинг құрбаны болғаныңызды байқасаңыз, жедел түрде құқық қорғау органдарына мән-жайды айтып, карталарды бұғаттауға тырысу қажет. Құзырлылар Өз еркімен келіп, тергеуге атсалысқан азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады дейді.

Әйкерім Пернебек, Әмина Үсенова, Әлішер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сағыз өзеніне құйылса не болмақ: Атырау жұрты жайылған мұнай қалдығына алаңдаулы