Сағыз өзеніне құйылса не болмақ: Атырау жұрты жайылған мұнай қалдығына алаңдаулы

Жауапты мекемеге 37 млрд теңге айыппұл салынғанымен, тиісті нәтиже болмай отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысында да мұнай қалдықтары айналаға жайылып, экологияға зиян келтіріп жатыр. Жергілікті жұрт «мал өрісіне дейін жеткен қалдық енді Сағыз өзеніне құйылса, не болады?» деп алаңдайды. Ал 37 миллиард теңге айыппұл арқалаған компаниядан әзірге қайыр болмай тұрғанға ұқсайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Шаруа Қабдол Өтепов жер-көкке жайылған мұнай қалдықтары төрт-түлікке зиян келтіре ме деп алаңдайды. Өйткені Мақат пен Доссор кентінің тура ортасындағы мұнай қалдықтары көлшікке айналып, өрісті ластап жатыр.

«Малға да, халыққа да зиян. Осыны жоюды талап етеміз. Көме ме, өңдей ме, тіпті тасып алып кетсін. Мына жерде су бар. Ал су болған жерге мал түнеп қалады», - дейді шаруа Қабдол Өтепов. 

Бұл жағдайға ауыл тұрғындары да бей-жай қарай алмаймыз деп отыр. Егер қара алтын Сағыз өзеніне құйылса, жағдай тіптен ушықпақ. Елді алаңдатқаны да осы.

«Доссордан 15 шақырым жер малдың өрісі, мына жағында Мақат кенті 5-6 шақырымдай жерде орналасқан. Мал өрісі, одан қала берді, ар жағында Сағыз өзені ағып жатыр. Егер мұнай қалдығы сол өзенге барып қосылса, не болады?», - деп алаңдайды Доссор кентінің тұрғыны Төлеген Қоңырбаев.

Атқарушы билік мәселемен етене таныс. Олай болмасқа лаж жоқ, өйткені ашық жатқан аумақ тікелей әкімдіктің балансында. Ал келісім бойынша, мұнай қалдықтарын жинап-жоятын қондырғы орнатуға жалға берілген 2 гектар учаскенің иесі жауапты. Ол резервуарларды үнемі бақылауда ұстауға тиіс еді. Алайда қожайындары қайта-қайта ауысып, түк те тындырылмаған.

«Бұл жерді аудан әкімінің қаулысымен Орал компаниясына берген. «Интернет Орал» деген ЖШС-іне технологиялық қалдықтарды жинау-сұрыптау және технологиялық құрылғыларды кеңейту мақсатында берілген болатын. Одан кейін оралдық компания 2021 жылы «ОКСИ генератор» ЖШС-іне сатқан. Қазір көріп тұрсыздар, әлі ештеңе салынған жоқ», - деді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин.

Айта кетейік, бұған дейін экологтар мекемеге 37 млрд теңге айыппұл салған. Алқапта 13 мың тонна мұнай шламы жинақталғаны да дәлелденіпті. Ал ережеге сәйкес, қалдықтарды төкпес бұрын арнайы орын үшін серіктестік лимит алуы керек.  

«Лимиттері жоқ болғандықтан біз прокуратурамен талап-тексеріс жүргізген болатынбыз. Сол тексерістің нәтижесінде сот қаулысыменосы «ОКСИ-генератор» ЖШС не 37 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салдық. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай жұмыс жасақталмаған, тек формальды түрде жинақтай берген», - деді Экология департаментінің мемлекеттік инспекторы Темірлан Болатұлы.

Мақаттықтар мал өрісін ластап, экологияға зиян келтіргендер заң алдында жауап беруі тиіс деп отыр. Әрі олардың бұл ісін құзырлы орган май шаммен қараса деген тілек бар. 

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Сиырды түлкі тістеп алған: Қостанай облысындағы ауылда карантин жарияланды

Новости партнеров