Толқын кедергі болуда: Ақтауда суға кеткен жігіттің денесі әлі табылмады

Маңғыстауда шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға кеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда теңізге батып кеткен адамның денесі іздестіріліп жатыр. Қайғылы оқиға кеше кешкісін Ақтау қаласынан 56 шақырым жердегі демалыс орындары маңында болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1999 жылы туған жігіт жабдықталмаған жағалауда суға кеткен. Оны іздеуге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 11 маман, 4 техника, 2 жүзу құралы, сүңгуірлер мен суасты дроны жұмылдырылған. Алайда теңіздегі қатты толқын құтқару жұмыстарына айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Соған қарамастан іздеу жалғасып жатыр. 

«21 маусымда сағат 21:41-де Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданына қарасты Ақтау қаласынан 56 шақырым жерде Каспий жағалауының жабдықталмаған жерінде суға батып кеткен азаматтың денесін іздестіріліп жатыр. Біздің құтқарушылар таңнан бері теңіздің тынышталғанын, тұнық уақытын күтіп, іздеді, бүгін де дене табылған жоқ», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.

Шомылу маусымы басталғалы Маңғыстау облысында 4 адам суға кеткен. Олардың үшеуінің денесі табылса, бір адам әлі іздестірілуде. Сондай-ақ құтқарушылар тоғыз адамды ажалдан аман алып қалған. Оның көбі балалар екен. Сондықтан мамандар тұрғындарға тек арнайы жабдықталған орындарда шомылып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.

Оқи отырыңыз: Елорда маңында 3 көлік соқтығысып, апаттан 5 адам қаза тапты