Төтенше жағдай жарияланды: Жамбыл облысында мектептер уақытша онлайн оқуға көшірілді

Дауыл салдарынан 8 кәсіпкерлік нысанның шатыры бұзылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында қатты соққан дүлей дауыл 10 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті. Жойқын желден 20-ға жуық көлік бүлінген. Дауыл салдарынан шақырымдап электр желілері үзілді. Ал мектеп пен балабақшалар онлайн режимге көшті, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жаңатас жұрты таңнан бері үйден шыға алмай отыр. Екпіні қатты жел секундына 32 метрге жеткен. Салдарынан 10 көпқатты үйдің шатырын ұшырып алып кетті. Оған қоса 14 көлік пен 2 қоғамдық көлікке зақым келген.

«Үйдің шатыры дұрыс жабылмаған. Кішкен желге халықтың машиналары бүлінді. Қаншама адам, несие төлеп отыр. Жөндеп берсін, көлікпен бала-шағамазды асырап жүрміз», – деді Жаңатас қаласының тұрғыны Мағжан Сайлау.

Дауыл салдарынан 8 кәсіпкерлік нысанның шатыры бұзылды. Аудандық мәдениет үйінің сырты мен шатырын да жел жұлып әкеткен. Жан ұшыра шошынған тұрғындарға облыс әкімі барып, жағдайды көрді. ¤

«10 үйдің шатыры зақымданды. Үшеуі толық, жетеуі  жартылай ұшып кетті. Мердігер анықталды. Қазір осының бәрін анықтап, тездетіп бірінші кезекте сынған терезелерді жөндеңіздер. Уайымдамаңыздар бәрін жөндеп береміз», – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Қала көлемінде 2 шақырымға жуық электр тоғы және жарық желілері үзілген. 30-ға жуық тал құлап, мектептер уақытша онлайн оқуға жіберілді. Аудан билігі бұзылған нысанның барлығы жақын аралықта жөнделетінін айтты.

«Көлік иелеріне төтенше жағдайға қатысты анықтама береміз Олар сақтандуры полисі арқылы шығынды өндіріп алады. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияладық. Комиссия құрамы құрылды. Қазір толық зерделеу жұмыстары аяқтады. Енді қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті», – деді Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов

Жергілікті билік бүлінген баспаналарды демеуішілер есебінен жөндейді. Жойқын жел Жаңатастық жұртты жылма-жыл әбігерге салады. Осыдан 10 жыл бұрын да қатты дауыл болып, біраз нысан зақымданған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Жамбыл облысында бірқатар нысанға зақым келгенін жазғанбыз

Новости партнеров