15 қаңтардан бастап халықаралық тасымалдауға қажетті шетелдік рұқсат бланкілері жаңа ереже бойынша берілмек
Елде сауда мен сапарды сабақтастырып жүрген жүк тасымалдаушылар жаппай дабыл қағып жатыр. Өйткені келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа ережелер қара жолда күні-түні еңбек ететін жандарға айтарлықтай ауыртпалық түсіруі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
15 қаңтардан бастап халықаралық тасымалдауға қажетті шетелдік рұқсат бланкілері жаңа ереже бойынша берілмек. Жүйе толықтай автоматтандырылады. Көлік министірлігі мәлім еткендей, өзгерістер құжаттарды қолдан жасап, заңсыз сатуды жойып, сапаның жақсаруына септеседі. Алайда халықаралық жүк тасымалымен айналысатын компаниялар бұл жаңашылдық жұмысын тығырыққа тірейтінін айтып отыр. Костанайда кәсіпкерлер палатасында өткен жиында қара жолдың жүгін арқалағандар алаңдаушылығын білдіріп, жаңа талаптар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
"Бұрын рұөсат бланкісін алсақ та, жүргізушілер кілттін тастап, «мен бармаймын, жұмыстан кеттім» дейтін. Мұндай жағдай болды ғой, бір емес, бірнеше рет. Біз жүргізушіге қалай әсер ете аламыз? Еңбек заңнамасы бар. Ол жұмыс істемеуге құқылы. Біз не істейміз? Осындай жағдайда егер мен бас тартсам, тапсырысты басқа тасымалдаушыға бере алатынбыз. Ал қазір басқа тасымалдаушы да бара алмайды, мен де бара алмаймын, алты айға дейін солай отырамыз", – деді тасымалдау компаниясының жетекшісі Алдан Менкеев.
Жүк тасымалдаушыларының пікірінше, жаңа ережелер жолдағы күтпеген, төтенше жағдайларды ескермей қабылданған. Мәселен жүргізуші шекарада айлап кезек күтуі не болмаса жолда көлігі бұзылып қалуы мүмкін. Бұған дейін рұқсат бланкін 100 күн ішінде кері тапсыруға болатын еді, енді бұл мерзім 30 күнге дейін қысқарды.
"Егер Еуропаға барамыз десек 6 рұқсат бланкі аламыз. Литва, Польша, Германия, Бельгия, Нидерланд. Егер көлікке бірдеңе болса, бәрін бірдей тапсыруымыз керек. Ал бұл заңбұзушылық, алтауын тапсырсаң, ештеңе істей алмаймыз", – деді жүк тасымалымен айналысатын компанияның жетекшісі Алексей Щуров.
Жол тасымалын қадағалайтын инспекция өкілдері жаңа ережелер өтінімдерді қарау уақытын қысқартып, бланкілерді заңсыз саудалауға жол бермейді деп отыр.
Жүкті жеңілдетіп, жолды жалғап жүрген жандардың шағымдары мен ұсыныстары тиісті министрлікке қарауға жіберіледі.
Әйкерім Пернебек, Елисея Томашевская, Қостанай
Оқи отырыңыз: Арам ас: Петропавлда өнімнен шошқа еті анықталған