Трансшекаралық өзендер: Қызылорда облысынадағы су тапшылығы екі аптада шешімін таппақ

Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және шаруаларды суарудың заманауи әдістеріне көшуге ынталандыру қажет екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сырдарияның суы сирақтан келмей тұр. Өңірде егіске қажетті тіршілік нәріне тапшылық айқын сезіле бастады. Қазір шаруалар күріш алқаптарын кезектесіп суарып жатыр. Жағдайға алаңдаушылық білдірген Премьер-министр Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымындағы жай-күймен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Премьер-министр заманауи су үнемдеу технологиясы іске қосқан Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында болды. Аталған шаруашылықта күріш, күздік бидай және жоңышқа өсіріледі, ал суару үшін суды ұтымды тұтыну жүйелері қолданылады.

«Биыл су өте құны болып тұр. Сорғы қойып жатырмыз. Шаруашылықта 8 сорғы орнатылған, жақсы көмектесіп жатыр. Шаруашылығымыз лазермен тегістеп жатырмыз», – деді шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков.

Үкімет басшысына өңірдегі су шаруашылығы жағдайы мен қазіргі қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Мұндағы 1956 жылы пайдалануға берілген Қызылорда су торабы бүгінде 120 мың гектар аумақты суаруға қауқарлы.

«Биыл облыс бойынша 189 мың гектар жерге егіс егілді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 80,892 гектарға еглген. Осы егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында бекітілген су көлемі 3,9 млрд текше метрді құрайды. Биыл өте күрделі жағдай туындап отыр. 1 млрд текше метрге су жетпей жатыр. Үкімет, мемлекет тарапынан қолдау жасалып жатыр», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов.

Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және шаруаларды суарудың заманауи әдістеріне көшуге ынталандыру қажет екенін атап өтті. Жағдай тығырыққа тіреліп тұр. Дегенмен үкіметаралық келіссөздер нәтижесіз емес. Нақтырақ айтсақ, келісім негізінде Өзбекстан тарапы тиісті су мөлшерін жібере бастаған.

«Кеше ғана мен Ташкентте болдым, Бішкекке бардым. Премьер-министрлерімен кездестім, олар бүгіннен бастап өзбек тарапынан 200-ден астам куб су жіберілетінін айтты. Енді қырғыз тарапынан 150 куб жіберуі керек. Бірақ ол Қазақстанға жетуі үшін 5 күн керек. 10 тамызға дейін судың деңгейін ұстап тұрамыз», – деді  ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Келіссөздер нәтижесінде алдағы екі аптаның ішінде трансшекаралық мемлекеттерден 600 млн текше метрден астам су түсуі тиіс. Бұл вегетациялық кезеңнен қысылмай өтуге мүмкіндік. Бірақ сағадағы су табанға жетем дегенше қолда барды ұқсатудан басқа қайран жоқ. Мамандар су мәселесі жыл сайын күрделене түсерін жасырмады. Сондықтан тіршілік нәрін үнеммен пайдаланатын тәсілге көшу – уақыт талабы.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Биыл елімізде 2,7 миллион гектар жер шегірткеден тазартылған

 

 

 

Новости партнеров