«Энергетик» саяжайындағы 20-дан аса учаске лас суға толды
Қостанайда бағбандардың бақшасын нәжіс суы шайып кетті. Салдарынан «Энергетик» саяжайындағы 20-дан аса учаске лас суға толып, тұрғындар қолқаны қапқан иіске тұншығып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – көпбалалы Жеңіс Күпеевтің жалғыз баспанасы. Қостанайлық тұрғын күтпеген жағдай тура қызының туған күнінде болғанын айтты. Қатты екпінмен келген нәжіс суы бақшасын жарамсыз күйге түсіріпті. Дәл осылай «Энергетик» саяжайындағы өзге де тұрғындар зардап шеккен.
«Барлық егін кетті. Қабырғалар жарылып, гаражымыз суға толып қалды. Балалар да уланып, үш мәрте жедел жәрдем шақырдық. Бұл жерді жағымсыз нәжістерден тазалау үшін тракторды да шығарып тастадық. Әкімдік те, «Қостанай Су» да бізді елемей тұр», – деді саяжай тұрғыны Жеңіс Күпеев.
Жауаптылардың айтуынша, төтенше жағдайға кәріз сорғы стансасындағы апат себеп болған. Алайда жергілікті жұрт биліктен де, су шаруашылығы мекемесінен де қайырболмағанын айтты. Тұрғындар әлі күнге дейін қолқаны қапқан иіске тұншығып отыр. Ал бақша өнімдері шіріп жатыр.
«Үйді де, кіреберісті де, бәрін басып қалды. Мына кілемдерді, дүниемді қайда апарарымды білмей далмын. Оларды тасу үшін көлігім де жоқ. Ал жалдау тағы шығын», – деді саяжай тұрғыны Галина Карабейникова.
«Сасық иістен құтыла алмай отырмыз. Күннің ыстығында да, жаңбырда да басылмайды. Өйткені, үйге кіріп кетті ғой, қазір енді бір бұрышы көгеріп тұр. Ал бақшаның жартысы жарамсыз болып қалды», – деді саяжай тұрғыны Валентина Кох.
«Кәрізден аққан су осы жерден келді. Оның бәрі саяжайға кетті. Шамамен 8-10 сағаттай болды. Бір сағатта құтқару қызметі келді, алайда бірден тоқтату мүмкін болмады. Азаматтар әкімдікке де, прокуратураға да жазған. Бірақ нәтиже жоқ», – деді «Энергетик» бағбандық қоғамының төрағасы Денис Васкевич.
Кәріз суы бас-аяғы 24 бағбандық учаскені шайып кеткен. «Қостанай Су» мекемесінің хабарлауынша, кәріз сорғы стансасында коллектор зақымданыпты. Ал жаңбыр жауғанда құбыр ағын судың қысымына төтеп бере алмай, жарылған екен.
«Бізге келіп түскен арыздар негізінде келтірілген шығынды сот арқылы өтеуді жоспарлап отырмыз. Кәсіпорында комиссия құрылды, бәрі тексеріледі. Меншік иесіне материалдық залалдың құны туралы қорытынды беретін сарапшы жалдау қажет болады», – деді «Қостанай Су» МКК бас инженері Виталий Панаетов.
Су шаруашылығы мекемесі апат болған күні қатты зардап шеккен тұрғындарға дереу көмек көрсетілгенін айтты. Оларға шұғыл түрде қиыршық тас пен құм жеткізіліпті. Енді қалған саяжайлықтардың мәселесі сот арқылы шешілмек. Ал экологтар Тобыл өзені мен оқиға орнындағы топырақтан сынама алып, қауіптің бар-жоғын анықтап жатыр.
Аяулым Көлжігіт, Елисея Томашевская
Оқи отырыңыз: Құжат алмасудағы кедергі: «Documentolog» компаниясы тағылған айыпты жоққа шығарды