Құжат алмасудағы кедергі: Бәсекелестік қорғау агенттігі заңбұзушылықтарды анықтаған

Елімізде электрондық құжат айналымы саласында жүзден астам компания жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы электрондық құжат айналымымен айналысатын компания «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің» шағымымен келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде электрондық құжат айналымы саласындағы түсініспеушілік қаңтар айында басталған. Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Documentolog» компаниясы бірнеше жылдан бері өзге жүйелерден келетін құжат алмасуға шектеу қойып, пайдаланушыларды ақылы қызмет арқылы қабылдауға мәжбүрледі деп айыптап, ескерту жолдаған. Алайда ұйым өкілдері мұны жоққа шығарып, 2007 жылдан бері нарықта тең құқықтық жағдайда жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ұйым қызметі ҚР Кәсіпкерлік кодексіне толық сәйкес екенін алға тартады.

«Құжат алмасатын барлық компаниялар біздің жеке әзірлемеміз, яғни жеке шлюзымыз арқылы құжат алмасады. Оған біз миллиард теңгеден астам қаржы құйдық және оны ұйымдастыруға қомақты ресурстар жұмсаймыз. Біз әділдікке қол жеткізіп, нарықтағы үстем субъект емес екенімізді және жалпы заңнаманы ешқашан бұзбағанымызды дәлелдеуге ниеттіміз», – деді компанияның негізін қалаушы Байжан Канафин.

Айта кетейік, елімізде электрондық құжат айналымы саласында жүзден астам компания жұмыс істейді. Соның нәтижесінде бизнес пен квазимемлекеттік құрылымдар құжаттармен еркін алмасуға мүмкіндік алып отыр. Дегенмен нарықтағы кейбір бәсекелестердің айтуынша, құжат алмасу жеке компания әзірлеген шлюз арқылы жүзеге асқандықтан, қосымша төлем жасауға мәжбүр болу қаупі туындайды. Бұған қоса, мамандар ІТ-компания төңірегінде «цифрлық олигополияның» орын алуы мүмкін екендігін жасырмайды. Яғни нарықтың негізгі бөлігі санаулы ірі компаниялардың қолына шоғырланып, әділ бәсекеге нұқсан келуі ықтимал.

«Біз нарықты дамытып, көтергіміз келеді. Бірақ соған қарамастан кейбір компаниялар ақы сұрайды. Өкінішке қарай, бұл түсініксіз әрі қайдан шыққаны белгісіз тарифті төлеуге мәжбүрміз. Ал аталған компания осы тарифтің қалай пайда болғанын түсіндірмейді. Ал негізінде бәсекелес компаниялардың нарыққа кіруіне кедергі келтіретін кез келген тарифтің қалай қалыптасқаны ашық айтылуы тиіс», – деді  «Damubpm» электрондық құжат айналымы жүйесін жасаушы компания басшысы Бауыржан Қадыров.

Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі электрондық құжат айналымымен айналысатын компанияны 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде нарықтағы үстемдік жағдайды иеленген субъект деп танып, оның әрекеттерінен заңбұзушылық анықтаған. Нәтижесінде 2025 жылдың сәуірінде тергеу басталған.

«Тергеу тексеру жұмыстарымен «Documentolog» компаниясы келіспей, сотқа шығым түсірді. Алайда соттың бірінші инстанциясы аталған шағымды кері қайтарды. Сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік комитеті өз тарапынан тексеру жүргізіп, бұзушылықтарды анықтап, тиісті акт енгізіп, «Documentolog» компаниясы бүгінгі күнде бұғаттау тәжірибесін тоқтатты», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент директоры Асылхан Сүйіндіков.

Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік органдарға арналған арнайы ұсыныстар әзірлеп, бұл бағытта жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Ал құжат алмасуда кедергі жоқ.

Мәди Мәлік, Ернат болатбек

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлері ұсынылады - министр

Новости партнеров