Тұрақты энергия көзімен қамтиды: мамандар АЭС салудың тиімді жақтарын түсіндірді

19.09.2024 13:28

АЭС салынса, Қазақстанның энергетика саласында көрші елдерге тәуелділігі жойылатыны да айтылды

elements.envato.com

Еліміз Париж келісіміне сәйкес 2060 жылға қарай көмір жағуын тоқтатады. Жаһандық жылынуға қарсы тұру үшін Қазақстан жасыл энергияға көшуі қажет. Сонда ғана көмірқышқыл газының шығарындысын 70 миллион тоннаға дейін азайтуға болады. Сала сарапшылары Қазақстанда жасыл энергия құрамына кіретін күн, жел, су электр стансалары сынды 148 нысан жұмыс істеп тұрғанын айтады. Алайда ғалымдар олардың үздіксіз қуат өндіре алмайтынын ескеріп, атом электр стансасының 24 сағат бойы тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ете алатындай артықшылығы барына тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Егер АЭС салынса, Қазақстанның энергетика саласында көрші елдерге тәуелділігі жойылатыны жайлы да пікір білдірді. Сондай-ақ ғалымдар елімізде қазірдің өзінде 3 зерттеу реакторы жұмыс істеп тұрғанын айтады. Және олардың барлығын қазақстандық мамандар басқарады екен. Сарапшылар әлемдік тәжірибеге сәйкес, екі блокты АЭС салу 8 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз ететініне қатысты да сөз қозғады.  

«Атом электр стансасы салынатын болса, «оны басқара алатын мамандар бар ма, жоқ па?» деген сұрақ туады. Әрине, бар деп айтуға толық мүмкіншілігіміз бар. Себебі 60 жылдан астам уақыт ішінде алдыңғы буын мамандардың бәрі кетіп қалды. Қазір жаңа буындағы мамандар жұмыс істеп жатыр», - деді «Ядролық физика институты» РМК бас директорының кеңесшісі Насурлла Бөртебаев. 

Профессор атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қауіпсіздікті жіті қадағалайтынын айтады. Сондай-ақ ол егер АЭС Балқаш маңына салынса, еліміз судан тарығуы мүмкін деген тұжырымдаманы да жоққа шығарды. Себебі Балқаш көліндегі су көлемі 22 миллиард тонна болса, оның 16 миллиарды жыл сайын буланып отырады екен. Ал АЭС салу үшін шетелдік тәжірибе бойынша 63 млн тонна ғана су қажет болады.

Маманның айтуынша, ол Балқаштағы судың 1 пайызына да жетпейді. Сарапшылардың сөзінше, елде уран қоры мол болғандықтан да, АЭС салу Қазақстан үшін тиімді. Оның бір ғана келісі шамамен 170 жылға жуық электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы екен.  

«Қазір үшінші дәрежедегі реакторлар жұмыс істеп жатыр. Қазір әлемде мұндай 300-ден астам реактор бар. Бірде-бір оқыс оқиға болған емес. Мұндағы апат қатері 10 миллион жылға біреу деп болжауға болады. Бұл – мамандардың сөзі», - деді АЭС құрылысы бойынша қалалық халықтық штабтың төрағасы Болат Тілеп.

Оқи отырыңыз: АЭС салынса электр қуатының бағасы 6 есеге қымбаттайды - ғалымдар пікірді жоққа шығарды