Тұранның алтын жауһарлары: Қызылорда облыстық музейі құнды жәдігерлермен толықты

Ресей музейлерінде Сыр өңірінен табылған құнды дүниелер жетерлік

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейі құнды жәдігерлермен толықты. Мұнда «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелінің» жаңғырған бейнесі көпшілік назарына ұсынылған. Археологтар реконструкциядан өткен жәдігерлер жайында тың дерек бөлісіп, қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тарихшылар қос жәдігерді Тұранның алтын жауһарлары дейді. "Түгіскен көсемі" біздің заманымызға дейінгі VII-V ғасырларға тән. Құнды жәдігер Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Оңтүстік Түгіскен ескерткішінен табылған. Алтын қылышты сақ көсемінің мүрдесі өткен ғасырдың 60-жылдары белгілі болса керек. Ер адамның қасына қосып жерлеген бағалы заттар мен қару жарақ бүгінде Ресей мемлекеттік тарих музейінің қорында сақтаулы. Ал Түгіскен көсемінің реконструкциясы түпнұсқаға негізделіп жасалған.

"Өкінішке қарай, киімі сақталмаған. Сондықтан біз ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, сырт киіміне қызыл түсті таңдадық. Себебі қызыл түс оттың, ерліктің, батырлықтың белгісі саналады. Киімі алтын бұйымдармен әспеттелген. Мұнда арқардың және түрлі жануарлардың бейнесі бар. Қолындағы қару-жарағы, қылышы мен жебесін, садағын түпнұсқадағыдай етіп жасадық", - деді Материалдық мәдениет ескерткіштері жобалық және ғылыми-зерттеу институтының директоры Ринат Кутдусов.

Ал "Жетіасар ақсүйек әйелінің" реконструкциясы Жетіасар ескерткішінен табылған әшекейлі әйел адамның қаңқасы негізінде жасалған. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттар Мәскеу қаласындағы Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының қорында. Археологтар Жетіасардан табылған ақсүйек әйелді шамамен 30 жаста деп топшылайды.

"Костюмнің үлгісі, оның тігу әдісі, жеңсіз пішу бүгінгі заманға дейін сәннен түспеген. Көйлегі де, етігіндегі тігістері де, бәрі сәнді. Енді әшекей бұйымдарға келетін болсақ, ол да қазба барысында кеуде тұсынан табылған екі алқа болған. Реконструкцияның ерекшелігі – әйел адамның қоладан жасалған жеке заттары немесе күміс айнасы, шағын сөмкесі болған. Сөмкенің ішінде гигиеналық заттар, қас жұлғыш, тарақ, бор болған", - деді археолог Әзілхан Тәжекеев.

Ресей музейлерінде Сыр өңірінен табылған құнды дүниелер жетерлік. Мәселен, археологтар Ресейдің ғылыми ұйымдарында Жетіасардан табылған 650-ге жуық адам сүйегінің сақтаулы тұрғанын айтады. Олардың ең үлкені 37-40 жас шамасында. Осы тұста айта кетейік, отандық ғалымдар соңғы он жылдың көлемінде Хорезм экспедициясына зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар ендігі мақсат тарихтан сыр шертетін археологиялық жәдігерлерді елге қайтару дейді. 

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Белгісіз вирус тарап жатыр: Петропавл тұрғындары дабыл қақты

Новости партнеров