Тұрғын үй кезегінде тұрған мыңдаған азамат тізімнен неге жойылды
«Отбасы банк» тұрғын үй кезегінде тұрған 52 мыңнан астам азаматты тізімнен алып тастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексеру барысында олардың арасында баспанасы бар адамдар анықталған. Алдағы уақытта кезектен шығарылатындар саны артуы мүмкін. Өйткені тексеріс әлі жалғасып жатыр.
Еске салайық, 14 қыркүйектен бастап елде тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа талапқа сәйкес, жалғыз баспанасының 50 пайызы немесе одан көп үлесіне иелік ететін азаматтар тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеле алмайды. Алайда бұл шектеу бұған дейін кезекке тұрған адамдарға қолданылмайды.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу деректерінің дұрыстығы мен өзектілігін қамтамасыз етуге, тұрғын үй заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қолдау шараларын ұсыну тетіктерінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға бағытталған», – деп хабарлады «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметі.