Тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындардың дерегі қалай тексеріледі

14.09.2026 19:31

Жаңартылған деректер тұрғын үйді бөлу кезінде де ескеріледі

«Отбасы банк» тұрғын үй кезегінде тұрғандардың дерегін жаппай тексере бастайды. Бұл үшін азаматтардың келісімі қажет емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тексеріс кезінде олардың отбасы құрамы, атына тіркелген баспананың бар-жоғы және кезекте тұру құқығына әсер ететін басқа да деректер қаралады. Мамандардың айтуынша, инвентаризация кезекте тұрған азаматтардың деректерін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтермен салыстырып, жаңарту үшін керек. Тексеру кезінде азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің атына тұрғын үй тіркелгені анықталса, олар заңда белгіленген тәртіппен кезектен шығарылуы мүмкін.

«Біріншіден, баспанасы жоқ па, бар ма тексереді. Екіншіден,  жанұя құрамының өзгерісін анықтаймыз. Он жыл бұрын кезекке тұрып, одан кейін отбасын құрып,  балалы болса, деректерді мемлекеттік жүйеге енгіземіз», – деді  «Отбасы банк» АҚ «Бірінші баспанамен қамтамасыз ету орталығының» басшысы Дидар Күлпейісов.

Жаңартылған деректер тұрғын үйді бөлу кезінде де ескеріледі. Бұған дейін баспана кезекте тұрған азаматтарға инвентаризациядан өтпей-ақ бөлінсе, қазір бұлталап міндетті. Тексерістен өткен азаматтар арендалық тұрғын үй мен 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека бағдарламаларына қатыса алады. Үміткерлерді іріктеу және тұрғын үйді бөлу жүйе арқылы автоматты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар отбасы құрамына қарай пәтердің бөлме саны да анықталады. Мысалы, ерлі-зайыптының екі баласы болса, оларға екі бөлмелі пәтер қарастырылады. Ал балалары әртүрлі жыныста болған жағдайда үш бөлмелі баспана беріледі. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл үйді кезекте тұрған азаматтарға әділ әрі жылдам бөлуге мүмкіндік бермек.

«Үйдің әділ және тез бөлінуіне жақсы әсерін тигізеді. Басында квадрат бойынша бөліп беретінбіз, ал қазіргі күнде осы заңға өзгерістер енгізгеннің арқасында бөлмеге қарап бөліп береміз. Ерлі-зайыптылар екі үл баласы болса, екі бөлмелі, бір ұл мен қыз болса,  үш бөлмелі пәтер беруге міндеттіміз», – деді Дидар Күлпейісов.

Оқи отырыңыз: Субсидия неге кешікті: Жамбыл облысының балықшылары банкрот болуы мүмкін

Толық көрсету