Субсидия неге кешікті: Жамбыл облысының балықшылары банкрот болуы мүмкін
Өңірдегі ең үлкен балық шаруашылығында 57 бассейн бар
Жамбыл облысының балықшылары банкрот болуы мүмкін. Себебі мемлекеттен берілетін субсидия 2 жылға кешіккен. Балықшылардың жартысы көмек қаржыға биыл ғана қол жеткізіп отыр. Оның өзі прокуратура мамандарының араласуынан соң төленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл облысындағы ең үлкен балық шаруашылығында 57 бассейн бар. Оның әрқайсысында 12 мың балық өсіп жатыр. Алайда балықшы Нұрхан Қойлыбаев балық асыраудың шығыны көп кәсіп екенін айтады. Сондықтан шығынды азайту үшін өзге 2 кәсіпкермен бірігуге тура келген. Қаржының басым көпшілігі жемге жұмсалады. Оның өзін Иран мен Польшадан алдырады. Мәселен жыл басынан бері 100 тонна жем жұмсаған.
«Суға ақша төлеу қажет, жем өте қымбат, бағасы мың теңгеден асады. Егер соның 30 пайызын қайтарса, үлкен көмек болар еді. Өйткені балықты суға жібергеннен кейін белгілі бір шығынсыз болмайды, 500 мың шабақ жіберсең, 100 мыңы шығынға кетеді», – деді балықшы Нұрхан Қойлыбаев.
Жалпы балық шаруашылығын қолдау үшін мемлекеттен субсидия қарастырылған. Яғни жемге жұмсалған қаржының 30 пайызын мемлекет өтеп береді. Алайда әкімдік өкілдері 2 жыл бойы тиісті өтемақыны бермеген. Өтініш берген 18 шаруашылық биылға дейін қаржыға қол жеткізе алмапты. Тек прокуратура өкілдері араласқан соң ғана, 9 кәсіпкерге 119 млн теңге төленген.
«Бастапқыда бюджеттен төлететін қаржының жоқтығына байланысты болған. Кейін ол салалық басқарманың құжаттарды рәсімдеу барысында жіберілген кемшіліктеріне сәйкес орын алды. Қазіргі уақытта 18 аквакультура субьектілеріне өтінімдер қабылданып олардың 9-на субсидия төленді. Басқарма тарапынан қалған аквакультура субьектілеріне субсидия төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Данияр Кемелхан.
Өңірде 49 шаруашылық балық өсірумен айналысады. Олар жыл басынан бері 1600 тонна балық өндірген. Жыл соңына дейін 2,5 мың тоннадан астам өнім өндіруді жоспарлап отыр. Ал Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген. Жоспарға сәйкес 2030 жылы өңірдегі тауарлы балық өнімі 8 мың тоннаға жетпек.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Арал ауданында полиция қызметкерін өлтірген күдікті қамауға алынды