Елімізде баспана саудасы былтырмен салыстырғанда 22,8%-ға төмендеді
2026 жылғы қазанда Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 864 мәміле тіркелді. Бұл қыркүйек айымен салыстырғанда 10%-ға аз. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мәмілелердің басым бөлігі Алматыда (6 065) және Астанада (5 223), сондай-ақ Қарағанды облысында (2 482) тіркелген. Ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында – 228 мәміле.
Қыркүйекпен салыстырғанда мәмілелер санының ең жоғары өсімі Қызылорда (38,7%), Қостанай (13,5%) және Атырау (2,9%) облыстарында байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Батыс Қазақстан (-21,2%) және Ұлытау (-18,6%) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (-16,3%) тіркелді.
Қазан айында көппәтерлі үйлердегі пәтерлерді сатып алу-сату бойынша 24 044 мәміле жасалған. Бұл жалпы көрсеткіштің 75,5%-ын құрайды. Пәтер саудасы бойынша Алматы (23,1%) мен Астана (21,3%) қалалары алда тұр. Сатып алушылар арасында екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болған – мұндай 9 423 мәміле тіркелген.
Ал жеке тұрғын үйлер бойынша 7 820 мәміле жасалып, қыркүйекпен салыстырғанда 5,9%-ға азайған.
Былтырғы жылдың қазан айымен салыстырғанда биыл тұрғын үй саудасы 22,8%-ға төмендеген. Ал 2026 жылдың қаңтар-қазан айларындағы мәмілелер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға азайды.
Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту: QH жобасы қалай жүзеге асырылады