Тұрғындар самокат жүргізушілерін жазалай алады

Бүгінде айыппұл тұрағында 9,5 мыңға жуық самокат тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құқық бұзған қос дөңгелекті құрылғыларды байқасаңыз, суретке түсіріп, тәртіп сақшыларына жолдай аласыз. Елімізде ережені елемейтін самокат жүргізушілеріне қатысты бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Мегаполистерде самокаттардың ережені бұзып, бейберекет жүруі тұрғындардың мазасын алып отырғаны жасырын емес. Тіпті кей жағдайда жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытатындар да кездеседі. Аталған көлік түріне бұған дейін де шектеулер енгізіліп, заңнамаға тиісті түзетулер қабылданған. Алайда статистика көрсеткіші төмендер емес. Ведомствоның мәліметінше, былтыр электр самокаттарының қатысуымен 140-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 149 адам зардап шеккен. Енді жаңа тәртіпке сәйкес, тротуарда немесе жаяу жүргіншілер жолағында ереже бұзған қос дөңгелекті құрылғы жүргізушілерін кез келген азамат фото немесе видеоға түсіріп, Ішкі істер министрлігіне жібере алады.

«Көзқарасым екіұдай десем болады. Өйткені студенттердің қатынауына өте қолайлы. Екінші жағынан, самокаттардың жол ережесін жиі бұзып, адамдарды қағып кетуі немесе өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы алаңдатады. Екі адам қатар келе жатса, артымыздан сызып өте шығады. Мұндай қолайсыз жағдайлар өте көп», – деді қала тұрғыны Әдемі Құдайберген.

«Самокаттардың көбейгені қауіпсіздікке сызат түсіреді. Заң қабылдағаны дұрыс қой. Мені бір рет қағып кеткен, абырой болғанда қатты жарақат алған жоқпын, ешқайда шағымданбадым», – деді қала тұрғыны Өсиет Аманжол.

«Көбінесе адам қағу деректері жиі кездеседі. Оларға арнайы жол бөлінгенімен, жүргізушілер көбіне жаяу жүргіншілер аймағына шығып кетеді. Соның салдарынан түрлі түйткіл туындайды. Дегенмен кептеліс кезінде бұл көлік түрі межелі жерге тез жетуге ыңғайлы», – деді қала тұрғыны Айзат Есендік.

Дәл осылай оңды-солды жүріп, жол ережесін елемейтін жүргізушілерге енді қатаң шектеу қойылды. Құқық бұзған қос дөңгелекті құрылғы тізгіндегендерді қолыңыздағы смартфонға түсіріп, Ішкі істер министрлігіне жібере аласыз. Ол үшін 102 нөміріне хабарласуға немесе арнайы мобильді қосымшалар мен eGov Mobile арқылы фото және бейнематериалды жолдауға болады. Осылайша, ереже бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Елімізде электр самокаттарын пайдалану және оларды орналастыру ережелерінің сақталуына қатаң бақылау орнатылуда. Белгіленбеген жерлерде тасталған құрылғылар абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін эвакуацияланады. Бүгінде айыппұл тұрағында 9,5 мыңға жуық самокат тұр. Ал 5 мыңға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, тәртіп бұзған шерингтік компанияларға да қатаң ескерту жасалды. Олар самокаттардың есебін жүргізіп, әрқайсысына тіркеу нөмірін алып, құрылғыға тағуға міндетті. Бұл талаптардың орындалмауына байланысты 11 әкімшілік хаттама толтырылған.

«Самокаттар – көлік құралы болып табылады. Оларды тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана тізгіндей алады. Қоғамдық қауіпсіздікті, әсіресе жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан азаматтар өрескел заңбұзушылықтарға куә болса, оны телефонға түсіріп, электронды ресурстар арқылы полицияға жіберсе болады. Біз міндетті түрде тиісті шара қолданамыз», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске сала кетейік, биыл 25 тамыздан бастап электр самокаттарымен жаяу жүргіншілер жолында жүруге ресми түрде тыйым салынды. Бұл өзгеріс күшіне енгелі Алматыда 2,5 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеліп үлгерді. Аталмыш талап жекеменшік те, жалға алынған құрылғыларға да бірдей қолданылады. Жүргізушілер тек арнайы веложолдармен жүруге міндетті.

Олжас Омарбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Мас күйінде мектепке келген: Ақтауда оқушыларды балағаттаған қызметкердің әрекеті жұртты шулатты