Мас күйінде мектепке келген: Ақтауда оқушыларды балағаттаған қызметкердің әрекеті жұртты шулатты
Оқиға әлеуметтік желіге тараған соң мектеп әкімшілігі ішкі тергеуді бастапты
Ақтаудағы мектептердің бірінде қызметкер жұмысқа мас күйінде барған. Музыка пәні көркемдік жетекшісінің бұл әрекетін оқушылар бейнежазбаға түсіріп алған екен. Видеокадрдан қызметкердің балалармен дөрекі сөйлесіп, балағат сөздер айтқаны естіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі бұл жағдайға байланысты мән-жайды анықтауға кірісті. Егер оқушылардың айтқаны расталса, жауапкершілік тек мас күйінде мектепке келген қызметкерге емес, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекетіне де қатысты қаралады.
Оқиға әлеуметтік желіге тараған соң мектеп әкімшілігі ішкі тергеуді бастапты. Директордың айтуынша, қазір бейнежазбадағы деректер тексеріліп жатыр. Егер қызметкердің заңбұзушылығы расталса, еңбек заңнамасына сәйкес қатаң шара қолданылмақ.
«Енді әлеуметтік желілерде тарап кеткен ақпарат бойынша мектепте ішкі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Факт-чекинг жүріп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін, егер жұмысшы тарапынан заңбұзушылық анықталатын болса, онда белгіленген Еңбек кодексінің негізінде шаралар қолданамыз. Жұмыстан шығуы да мүмкін», – деді қалалық Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев.
Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы қауіпті улану: Ысталған балықтан зардап шеккен баланың жағдайы әлі де ауыр