Туристер Сиверс алмасының гүлдеуін тамашалай алады

Келер жылы Іле-Алатауы ұлттық паркінде жабайы Сиверс алмасын сақтауға арналған ғылыми-танымдық бағыт ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келер жылы Іле-Алатауы ұлттық паркінде жабайы Сиверс алмасын сақтауға арналған ғылыми-танымдық бағыт ашылады. Жобада жемістің тарихына терең үңіліп, оны болашақта сақтау мүмкіндіктері қарастырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Қазақстанның Қызыл кітабына енген бірегей жеміс сортына арнап келер жылы бірегей жоба әзірленбек. Нақтырақ айтсақ, Іле-Алтауы Ұлттық паркінің 30 жылдығына орай Түргеннің Кузнецов сайында Сиверс алмасының гүлдеуін тамашалауға арналған бағытты іске қосу жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ бұл жолдың бойында мұражай, Visit-орталық және бақылау алаңы бой көтермек. Жоба бастамашыларының сөзінше, бұл бағыт тек туризмді дамытып қана қоймай, алманың генетикалық түп-тамырын зерттеуге жол ашады. Ұлттық парк тынысын ашатын тағы бір жоба орманды қалпына келтіруге арналмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасы аясында Іле-Алатау бөктерінде 42 гектар жерге 140 мыңнан астам көшет егілді.

«Алты уақытша тұқымбақ 5 гектар аумақта орналасқан. Олардың үшеуі қазіргі тұрған Түрген сайында. Екеуі Қаскелеңде. Біреуі Медеу филиалының кіші Алматы орманшылығында орналасқан. Ол тұқымбақтарда қажетті орман-ағаш көшеттерімен қамтамасыз етеміз. Жыл сайынғы жоспар – 42 гектар жер», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы Райхан Мұхамеджанова.

Қаскелең шатқалында өңірдегі жалғыз марал шаруашылығы бар. Мекемеге иесі кәсібін  2003 жылы бастапты. Шығыстан 60 маралды әкеліп, ұлттық парктен жерді жалға алған ол бүгінде 150 тұяқты жануарды бағып отыр. Қожалықта марал мүйізінен жасалған емдік өнімдер дайындалып, сатылымға шығарылады. Шатқалда шағын емдеу орталығы да бар.

«Мүйізді кесеміз де, одан дәрі дәрмек шығарамыз. Адамдар келіп, ауырғандар емделеді. Емдейтін жер бар. Ешқандай субсидия маралға бермейді. Бұл жабайы мал», – деді кәсіпкер Кеңес Мұралинов.

Ұлттық парк аумағындағы тағы бір жаңашылдық – Талғар аумағындағы тау-шаңғы кешені кеңейіп, демалыс орындары жаңғыртылып жатыр.

Ақтас тау-шаңғы кешені биыл наурызда туристерге есігін айқара ашты. Еліміздегі алғашқы 10 гондоласы бар кешеннің аспалы жолы 2 шақырымға созылған. 7 шаңғы жолы бар. Әзірге бұл технология тәулігіне 1000 адамды қабылдай алады.

 «Бұл елге тауды көруге келеміз. Жазда өсімдік әлеміне тәнті болдық. Сондай-ақ қысқы тау спорт түрлерімен танымал екенін білеміз, енді қыста да келу керек», – деді турист Хиюмин Ким (Оңтүстік Корея)

Іле-Алатауында 2000-ға жуық өсімдік түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген ондаған сирек ағаштар мен шөптер өседі. Сондай-ақ 47 сүтқоректі, 198 құс және 5 мыңнан астам омыртқасыз жануар тіршілік етеді. Солардың арасында қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні секілді аса сирек жануарлар да бар.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Президент: Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады

Новости партнеров