Марқакөлдің сұлулығын тамашалауға ниеттілер саны жыл сайын артып келеді
Маркакөлге апаратын жол – Шығыс Қазақстандағы ең қиын бағыттардың бірі. Аудан орталығы мен Ұрынқай ауылының арасындағы алпыс шақырымды еңсеру жол талғамайтын көліктерге де қиынға соғады. Жұрт ойық, шұңқырдан темір тұлпарларымыз бұзылып жатыр десе, өңір басшылары мұндағы жолдың сапасы туризм мен бизнестің де дамуын тежеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Таулар, ормандар, тұмса табиғат. Марқакөлді бекерден-бекер «Қазақстанның інжу-маржаны» деп атамайды. Бірақ қорықты аймақтарға жету - оңай іс емес. Келушілер жолдың жай-күйі - басты кедергі дейді.
«Ескі австриялық жолмен 100 шақырым жүріп өттік. Аздап қиналғанымыз да болды. Бірақ Марқакөлдің табиғаты керемет, көлі ғажап. Бұл сапар бізге ерекше әсер қалдырды. Жол бойы сансыз тау өзендерін кесіп өтіп, түрлі аң-құсты көрдік», – дейді турист Айдар Құрымбаев.
Жолдың ауырлығына қарамастан, Марқакөлдің сұлулығын тамашалауға ниеттілер саны жыл сайын артып келеді. Туристер бұл өлкеге тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де ағылып келуде.
«Келіп жатқан туристердің көбі Германиядан, Америкадан, Финляндиядан және Кореядан келеді. Ал жергілікті туристердің ішінде Алматыдан келетіндер көп. Сондай-ақ Астанадан, Қарағандыдан, Екібастұздан да жиі келеді. Бәрі де біздің осындағы көлге қызығады», – деді Марқакөл қорығының қызметкері Ақнұр Дүсіпова.
Өңірдің ең өзекті мәселесі – әлі де сол жолдың жайы. Шенеуніктердің айтуынша, дұрыс жол салынбайынша, туризмді өркендету де, инвестиция тарту да екіталай.
«Инвесторлар үшін ең маңыздысы – қазіргі таңда Марқакөл мен Урунхайка арасындағы 60 шақырым жолды жөндеу. Егер жол жөнделсе, инвесторлар келіп, өздерінің түрлі жобаларын жүзеге асыруға дайын отыр», – деді Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешов.
Кей тұрғындар мен кәсіпкерлер мұнда алғашқы қонақүйлерін сала бастаған. Ал жол жобасы әзірге жоспар күйінде қалып отыр екен.
«Бұл учаске бойынша нақты тапсырма берілген. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Алайда жол таулы өңір арқылы өтеді. Сонымен қатар мемлекеттік орман қорының жерлері кездеседі, бұл да жұмысты қиындатады», - деді Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Бұл – басты түйткіл. Тұрғындар Осинов асуын айналып өтетін жолдың тағдыры қайталана ма деп алаңдайды. Ол жерде келісімдерге қол қоюдың өзі төрт жылға созылыпты.
Мәди Мәлік, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысы
Оқи отырыңыз: Фин компаниялары Қазақстандағы жұмысын кеңейтуге ниетті - Финляндия президенті