Түркістан облысы аграрлық салада жоғары нәтижеге қол жеткізді

26.08.2026 21:10

Өңірде 325 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

Almaty.tv

Түркістан облысында биыл жартыжылдықта 325 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өнімді қайта өңдеу, экспорт пен саланы цифрландыру көрсеткіштері екі есеге артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шардаралық шаруа Әбдірәсіл Иманбердиев 60 гектар жерге пияз бен сарымсақ еккен. Ол соңғы үш жылдан бері тамшылатып суару әдісін қолданады. Диқан бұл тәсілдің арқасында тыңайтқыш пен суға кететін шығынның айтарлықтай азайғанын айтады. Ең бастысы, өнім көлемі екі есеге көбейген.

«Тамшылатып суғару тиімді барлық жағынан. Дәрі беру жағынан, жұмысшы істету жағынан. Басқа уақытта осы 60 гектарға 4 адам жұмыс істейді осы жерде. Дәрі береді, өзінің аппараттары бар. Электрический бәрі, токпен істеп қойғанбыз», - деді шаруа Әбдірәсіл Иманбердиев.

Экспорттық әлеуетті арттыруда өңірдегі бау-бақша шаруашылығының да үлесі зор. Түлкібас ауданындағы шаруалар алма бағына толықтай су үнемдеу технологиясын орнатып, тамшылатып суарудың игілігін көріп отыр.

«Біздегі бақшаларда  химияны көп қолданбаймыз. Қазақстанның әрбір қаласына кетеді. Сосын шет мемлекеттерге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Белорусь елдері  алмаға қызығып, алады», - деді серіктестік директоры Қайрат Садықов.

Заманауи технологиялар егін алқаптарын суаруда ғана емес, зиянкестерден қорғауда да маңызды рөл атқарады. Өңірдегі далалық мониторинг пен қауіпті ошақтарды анықтауға 12 дрон мен 576 маман жұмылдырылды. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында 242 мың тонна дәнді дақыл, 583 мың тонна көкөніс пен 750 мың тоннадан астам бақша өнімі жиналды.

«Нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрап, облысымыз жоғары нәтижеге жетті. Инвестиция бойынша былтырғыдан 1,5 есе артық қаржы тартып, 153,2 миллиард теңгені құрады. Қайта өңдеу саласы да қарқынды. Шаруаларға қолдау көрсету мақсатында тамшылатып суару жүйесінің шығындарына мемлекет тарапынан 80 пайызға дейін субсидия беріледі», - деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досхан Лесов.

Озық технологиялар мен су үнемдеу жүйелерін енгізу жұмыстары тағы мыңдаған гектар алқапқа орнатылады. Мамандар мұндай инновациялық тәсілдер аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға зор мүмкіндік беретінін айтады.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Атырау облысында 41 тарихи ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді

Толық көрсету