Түркістан өңірінде 220-дан астам кәсіпкер қазба байлықты игереді
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері тыйылмай тұр. Жыл басталғалы өңірде 22 рұқсатсыз қазба орны анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түркістан облысындағы кен өндірушілердің көбі заң талаптарын сақтамай отыр. Олар рұқсатсыз жерді қазып қана қоймай, жол ережелерін де өрескел бұзған. Сондықтан полицейлер осы жылдың өзінде 64 жүк көлігі мен 6 арнайы техниканы айыптұраққа қойған.
«Полиция департаментімен жүргізілген жедел профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 51 заңсыз жер қойнауын іркелді», деді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленши
Түркістан өңірінде 220-дан астам кәсіпкер қазба байлықты игереді. Қазір оларға қойылатын талап күшейген. Жауаптылар кен орындарын тексеріп, заңсыз әрекет еткендердің жерін мемлекетке қайтарып жатыр.
«2025 жылы 35 жер қойнауын пайдаланушының 123 мың га жерін, 2026 жылдың басынан бері 3 жер қойнауын пайдаланушының 501 мың га жерін мемлекеттің геологиялық жер қойнына қайтарылды», деді облыстық Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаев.
Жауаптылар заңсыз әрекеттерді болдырмауға күш салғанымен, нәтиже болмай отыр. Биылдың өзінде рұқсатсыз қазба жұмыстары мемлекетке 550 млн теңгеден астам залал келтірген. Бүгінде бұл материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда дәмханаға заңсыз салынған нысан бұзылып жатыр