Түркістан облысында 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартты

08.12.2024 15:56

Ауыл тұрғындары осы ретте учаскелік полиция инспекторлардың еңбегі көп екенін айтып, алғыс білдірді

polisia.kz

“Ішімдіксіз ауыл” жобасына Түркістан облысында 30-ға тарта ауыл қолдау білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Ордабасы мен Мақтаарал ауданында 5 ауыл, Келесте 4 ауыл, Сайрамда 3 ауыл, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда 2 ауыл, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан.

Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елдімекенінде 1835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді.

"Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған. Ақсақалдар жастарға үлгі-өнегесін көрсетсе, жастар алған тәлім-тәрбиесін ұштастырып, ауылды көркейту бағытында жұмыс жасап келеді. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” дегенді ұстанған мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сынды істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған", - делінген хабарламада.

Осы ретте ауыл тұрғындары тыныштық пен тәртіптің сақталуында учаскелік полиция инспекторларының еңбегі көп екенін алға тартып, алғыс білдірді.

Ал учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы әрбір үйдің жағдайымен қанығып, күнделікті жұмыс жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде жоғарыда 30-ға жуық ауылда соңғы бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген.  Осы ретте полиция мен қоғам бірлесе ізгілікке бет бұрған ауылдар қатарын көбейтіп, қылмыссыз қоғам құру жұмыстары жалғаса береді.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында адасып кеткен туристер құтқарылды