Арнайы прокурорлар интернет-алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады
Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары алаяқтық және ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша қылмыстық іс аясындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тергеу барысында 2024-2025 жылдар аралығында шетел азаматы Қазақстан аумағында әрекет етіп, интернет пен телефон арқылы жасалған алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны анықталды. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оның қызметін басқарған. Нәтижесінде 21 жәбірленушіге жалпы сомасы 125 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
"Алаяқтық фактілері мобильді байланыс құралдарын пайдалану арқылы жасалған. Күдіктілер өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алдап, олардың атына несие рәсімдеген. Кейін алынған ақшалай қаражатты өз пайдасына жаратқан", - делінген прокуратура хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілерге 20 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар күдіктілерге тиесілі үш автокөлікке тыйым салынды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілмек.
"Аталған іс бойынша 20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тағы екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру толық аяқталып, материалдар сотқа жолданды.
Оқи отырыңыз: Алматыда инклюзивті спорт орталығы салына бастады