Тараз-Шымкент жолында қозғалысқа шектеу қойылды
Бүгін Түркістан облысы Түлкібас ауданы Келтемашат елдімекенінің маңында Тараз-Шымкент бағыты бойынша I-б санатты ақылы автожолдың 653-шақырымында Shacman маркалы ірі габаритті жүк көлігі аударылып қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«ҚазАвтоЖол» АҚ хабарлауынша, көліктің ұзындығы – 43,8 м, ені – 5,2 м, биіктігі - 5,2 м, салмағы 124,8 тонна болған.
Машат асуында көлік құралының тежегіш жүйесі істен шығып, нәтижесінде жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған.
«Жүк көлігі екі бағыттағы жолды жауып, 220 метр қоршауға зақым келтірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қозғалыс бір жолақпен ұйымдастырылуда. Жол қозғалысын толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жамылғысы құрғақ, жол белгілері орналасу тәртібіне сәйкес орнатылған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы бұл көлік құралының қозғалысына рұқсат бермеген, себебі оның өлшемдері белгіленген нормативтерге сәйкес емес (ені — 5,2 м, биіктігі — 5,2 м).
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тасымалдаушылар мен жүргізушілерді ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға, тиісті рұқсаттарды уақтылы алуға, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылауға шақырады.
«Бұл талаптарды елемеу заңнаманы бұзып қана қоймай, басқа да жол пайдаланушыларға қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда жол қозғалысының басқа қатысушылары зардап шегеді (кептеліс пайда болып, жолаушылардың уақыты шығындалады, төтенше жағдайлардың болу қаупі артады)», - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Су қоймасын салу үшін қажетті жерлер мен орман алқаптарын алып қоюға рұқсат етіледі