Түркістан облысында екі мектеп ел игілігіне берілді

30.12.2025 20:09

Өңір мектептерінде 550 мыңнан астам оқушы білім алады

Елімізде бала саны жөнінен ең көп өңір саналатын Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында шешіліп келеді. Өңірде 23 мың оқушыға арналған 29 білім ошағы бой көтерді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тағы екі мектеп ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бәйдібек ауданында ашылған мектеп 300 оқушыға арналған. Жаңа форматтағы оқу ошағында балалардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта 150 орындық концерт залы, кітапхана, ұлттық аспаптарда, гитарада және фортепианода ойнауға үйрететін сыныптар бар.

«Мектептің ашылуы білім бөліміне деген қамқорлық деп түсінемін. Бұл –болашаққа деген инвестиция. Ауылымызда отырып, сапалы білім ала аламыз», – деді оқушы Амангелді Нұрболат

Сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында Ордабасы ауданында да жаңа мектептің лентасы қиылды. Халық тығыз қоныстанған Шұбарсу ауданында бала саны да жыл санап өсіп келеді. 600-ден аса бала білім алатын үш қабатты жаңа білім ордасы мектеп тапшылығы мәселесін шешті. 

«Бұл – бастауыштарға арналған мектеп. Көрші білі ордасынан 200 бала келеді. Сондай-ақ 3 ауысымға ауысайын деп отырған бала саны ең көп білім ұяларының және жекеменшік мектептердің оқушылары да осында оқитын болады», – деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова  

Мектеп 2 жылға жуық салынған. Оның құрылысына 2,5 млрд теңге жұмсалды. Мердігер компания өкілдері нысан сапасына 5 жылға дейін кепілдік беретінін айтты.

«Заманауи өте жақсы техникалар қойылды. Парталар, есіктер жайлы мектептің стиліндегідей қамтамасыз етілген. Асханадағы тамақ пісіретін құрылғылар да заманауи талаптарға сәйкес орнатылды», – деді мердігер мекеме өкілі Айдос Қаныбек.

Айта кетейік, Қазақстандағы 8 мыңдай білім ұяларының мыңнан астамы немесе 14 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Өңір мектептерінде 550 мыңнан астам оқушы білім алады. Қазір жергілікті бюджет есебінен 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары еріп кетті