Түркістан облысында газ қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

06.01.2026 16:43

Кентаудағы қоғамдық тамақтану орынында газ жарылып, 18 жастағы бойжеткен қаза болғанын еске салайық

Ал Кентаудағы дәмханадағы жарылыстан кейін Түркістан облысында газ қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адам өліміне әкелген оқиғадан соң төтенше жағдайлар қызметі өңірдегі дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарын жаппай тексеруге кірісті.

1-қаңтардың түнінде Кентаудағы қоғамдық тамақтану орынында газ жарылып, 18 жастағы бойжеткен қаза болды. 4 адам ауруханаға жеткізілді. Араға бір күн салып, Арыс қаласындағы дәмханада да осындай жағдай қайталанып, екі адам зардап шекті. Осы оқиғалардан кейін дереу рейд жүргізген мамандар тамақтану орындарындағы тұрмыстық газ баллондарын сақтау, орнату және пайдалану тәртібін қатаң бақылауға алды.

«Қазіргі таңда қала аумағында 1000-ға жуық кәсіпкер бар. Солардың арасында өрт қауіпсіздік қағидаларын, яғни сығымдалған газ баллонды рұқсат етілмеген түрде пайдалану жағдайлары орын алды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескелі бұзған кәсіпкерлер анықталуда. Анықталған кемшіліктердің орнын жою және сол кәсіпкерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу қазіргі таңда жүргізілуде», – деді қалалық ТЖБ аға инженері Бағлан Убайдуллаев 

Рейд нәтижесінде бірқатар кәсіп иелеріне ескерту жасалды. Мамандар тұрғын үйлерге жақын орналасқан нысандарда газ қауіпсіздігіне салғырт қарауға болмайтынын түсіндірді. Кей кәсіпкерлер газбен жұмыс істеуде тәртіпті қатаң ұстанатынын айтты.

«Табиғи газ пайдаланамыз. Қызметкерлерге де, үйдегі балаларға да газды қауіпсіз қолдану жөнінде үнемі түсіндіреміз. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаймыз», – деді наубайхана иесі Бейімбет Оразбаев.

Төтенше жағдайлар қызметі газ қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты жолы. Мұндай рейдтік тексерістер өңірде алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстаннан Әзербайжанға дейін байланыс желісін тарту жұмыстары басталды