Өңірде кибер қылмысқа қатысты 850-ге жуық дерек тіркелген
Түркістан облысында интернет алаяқтықпен күресудің арнайы жол картасы әзірленбек. Былтыр өңірде кибер қылмысқа қатысты 850-ге жуық дерек тіркеліп, тұрғындарға 1 миллиард 665 миллион теңге шығын келген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жәбірленушілердің басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар. Мамандардың айтуынша, ұялы байланыс операторлары мен екінші деңгейлі банктерден ақпарат алу процесінің толық жүйеленбеуі істі жедел ашуға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан алаяқтықпен күрестің жаңа әдісі қолға алынып жатыр. Оның аясында балалар мен жасөспірімдерге арнайы сабақтар өткізу, 112 қызметі арқылы ескерту хабарламаларын тарату және таргеттелген ақпараттық науқандар жүргізу жоспарланған.
«Халқы көп аудандар алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Ол – Түркістан, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандары. Дөңгелек үстелдің шешімімен екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларымен, оқу және денсаулық сақтау басқармаларымен тығыз байланыс атқарамыз», – деді облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Шәкім.
Оқи отырыңыз: Алаяқтардың айласы: Алматыда зейнеткерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді