Түркістан облысында инвесторлардың 300 млрд теңгесіне қандай жобалар жүзеге аспақ

01.11.2024 19:15

Халықаралық форумға Қытайдан 120-дан астам компания қатысты 

Түркістанда халықаралық инвестициялық форум өтті. Оның нәтижесі бойынша құны 301 млрд теңге болатын 35 меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Халықаралық форумға аспанасты елінен 120-дан астам, ал Қазақстаннан 100-ден астам ірі компания қатысты. Жалпы Түркістан облысы құрылғалы бері қытайлық инвесторлар 110 млн долларға 4 бірдей ірі жобаны іске асырыпты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды келушілерге өңірдің инвестициялық ахуалын таныстырды.

"Қазіргі уақытта дайын инфроқұрылым, индустриалды аймақ бар. Терең өңдеуді ұйымдастыру үшін инвесторлар салықтан толық босатылған. Инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды іске асыру үшін, Қазақстан-Қытай аймағын құруға шақырамын", - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Форум ары қарай келіссөздерге ұласты. Дәл осы жиын барысында 35 келісімге қол қойылды. Меморандумның жалпы құны – 301 млрд теңге.

"Келісім аясында алюминий бұйымдарын шығару, бейнекамералар мен кабельдер өндірісі, мақта өңдеу зауыты бар. Сондай-ақ күн электр стансасы, кеңсе орындықтарын шығару кәсіпорны, қонақүй кешенін, аквапарк құрылысы мен текстиль кластерін құруды да жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы жүзеге асса, 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады", - деді Хубэй провинциясы кәсіпорындарының халықаралық ынтымақтастық қауымдастығының атқарушы төрағасы Хуан Лися.

Жалпы Түркістан облысында 2027 жылға дейін жүзеге асатын 145 инвест-жоба мақұлданған. Бұл бастамалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік бермек. 

Нұркен Әкімхан, Аlmaty TV, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Жол қысқарды: Қызылорда – Жезқазған күре жолының қанша шақырымы пайдалануға берілді