Жол қысқарды: Қызылорда – Жезқазған күре жолының қанша шақырымы пайдалануға берілді

Салынып біткен учаскеге тексеріс жүргізген мамандар өе жақсы деген баға берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда – Жезқазған күре жолының 90 шақырымы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 50 километріне асфальтбетон төселіп, ел игілігіне табысталмақ. Автожолдың Сыр өңіріне тиесілі бөлігінде жұмыс қарқыны қызу, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

"Біздің кәсіпорынның атқарып отырған жұмысы шеңберінде 600-ден астам инспекциялық тексеріс ұйымдастырылды. Оның ішінде 2300 сынама алынып, зерттеу жүргізілді. Қорытындысында 12 пайызы техникалық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бірақ мердігер тарапынан сол сәйкес келмейтін материалдарды құрылысқа қоспай, шектеп алып тастады. Тегістігіне келетін болсақ, 96-98 пайыз талапқа сай келеді. Бұл – өте жақсы деген көрсеткіш", - деді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Облыс аумағында күре жолды бес мердігер компания салып жатыр. Ұлытауға жақын үш учаскедегі автожолдың негізгі қабаты төселіп, құрылыс толықтай аяқталған. Осы аралықта айналма жолмен қатынайтын жүргізушілер жаңа жобаның аяқталуын асыға күтіп жүргенін айтады.

"Сапасы өте тамаша, ризамыз. Салып жатқан мекемеге де, салғызып жатқан кісілерге де алғыс айтамыз. Бұрын 14-16 сағат жүретінбіз. Енді жол салынғаннан кейін 3 сағатқа қысқарды. Ал егер толық біткен жағдайда тіптен керемет болмақ", - деді көлік жүргізушісі Серік Райымбеков.

Қызылорда – Жезқазған жолының Сыр өңіріне тиесілі бөлігі келер жылы толықтай аяқталмақ. Ал Ұлытау облысындағы 208 шақырым 8 учаскеге бөлініп, мердігер мекемелер анықталыпты. Бүгінге дейін салынған жолдың сапасына бақылаушы мамандар оң баға беріпті. Кем-кетіктері де уақытында қалыпқа келтірілген екен.

"Жалпы, жобаның аяқталу мерзімі Қызылорда облысы бойынша 2025 жыл деп есептелінген. Сонымен қатар осы жобада қазір мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу сияқты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 700-ден астам адам жұмылдырылған. 400-ден астам техника бар", - деді ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов.

Айта кетерлігі, келісім бойынша мердігерлер 5 жыл мерзімге кепілдік бермек. Осы уақыт аралығында қандай да ақау шықса, мекеме жолды өз қаражатына қайтадан жөндеп беруге міндеттеледі. Екі облысты жалғайтын ауқымды құрылыс 2027 жылы толықтай аяқталмақ.

Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Аlmaty TV, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда салынып жатқан тұрғын үй кешені сүріле бастады

Новости партнеров