Ауыр жарақат алған қыз дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер төрт сағат бойы ота жасады
Түркістан облысында көшеде жүрген ит бес жасар қызды өлімші етіп талап тастады. Бүлдіршінге бірнеше сағат ота жасалып, дәрігерлер оны әрең дегенде аман алып қалды. Алайда бетінің сау-тамтығы қалмаған балаға келешекте пластикалық ота жасалу керек, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бармақтай ғана бүлдіршін есік алдында ойнап жүріп, итке таланған. Ауыр жарақат алған қыз дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған төрт сағат бойы ота жасапты. Беті оңбай зақымданған балақай қатты шошынып та қалған.
«Қызымның бетінің сау тамтығы қалмаған. Көздің астындағы сүйек бар ғой, соны жыртып алып, сүйекті көрсетіп қойған ғой. Дәрігерлер «бекем болыңыз, қызыңызды жансақтау бөлімінде өте ауыр халде» деп айтты. Бір жарым жылдан кейін пластикалық операция істеу керек екен», – деді зардап шеккен қыздың анасы Дилафруз Халикова.
Баланың құтырма ауруын жұқтырғаны әзірге белгісіз. Ал дәрігерлер қыздың оң жақ беті ауыр жарақаттанғанын айтты. Күрделі ота жасалғанымен, бүлдіршіннің жүзінде тыртық қалуы мүмкін.
«Травматикалық шок алған. Қыз қатты шошыған. Және бас аймағында жарақаттары бар. Қазіргі жағдайы қалыпты, тұрақты. Әзірше емін алуда», – деді ¤Түркістан қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіәзімова.
Ескі Иқан ауылының тұрғындары мұндай жағдайдың бұған дейін де болғанын айтады. Олардың сөзінше, соңғы кездері тағы бірнеше бала төрт аяқтыдан зәбір көрген. Алайда бұл жолғы қызды қаңғыбас ит қаппаған көрінеді.
«Иттің иесі бар. Құлағы, құйрығы кесілген. Кәдімгі үйде жүрген ит, іздестіріп жатырмыз. Егер итті тапсақ, иесін де тауып алатын едік», – деді Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Ғасыр
Егер иттің иесі анықталса, оған әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Сауран ауданында қаңғыбас иттермен күреске биыл 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері 50-ге жуық төрт аяқты ұсталған. Оның 20-дан астамы қараусыз жүрген, бұралқы иттер.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Тарихи мұраға қиянат: Жерасты мешітіне пластик терезе орнатқандарға ірі көлемде айыппұл салынады