Түркістан облысында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы заманауи мәдени-спорт кешені ашылды

5 гектар жерді алып жатқан мәдени-спорт кешенде мұражай, кітапхана, көрме залы мен конференция бөлмелері бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында бірнеше жыл құрылысы тұралаған заманауи мәдени-спорт кешені ел игілігіне берілді. Қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы кешен Ордабасы ауданында бой көтерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылы – жауырыны жерге тимеген палуан өмірінің соңғы жылдары өткен жер. Мемориалдық спорт кешенінің іргетасы осы жерде 2020 жылы қаланған. Алайда бір жылдан кейін батырдың 150 жылдық мерейтойына орай тапсырылуы тиіс нысанның құрылысы тоқтап қалған. Кейіннен жағдайға Ұлттық экономика министрлігі араласып, іс қайта жанданды. Биыл нысан ел игілігіне беріліп отыр.

«Ашылу салтанатындағы тағы бір жаңалық –  бабамыздың киіз үйі. Біздің музейдің қорына 1-2 жыл бұрын келген. Атамыздың өзі құрып, тұрған. Атамыз өмірден өткеннен кейін, қазақ өте ырымшыл халық қой, әрбір тұтынған затын алып қалған. Сондай халықтың қолындағы заттарды бізге тапсырып жатыр», – деді Қ. Мұңайтпасұлының ұрпағы, музей қызметкері Меруерт Ескермес.

Жалпы аумағы 5 гектар жерді алып жатқан мәдени-спорт кешенде мұражай, кітапхана, көрме залы мен конференция бөлмелері бар. Оның қорында Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы жолына қатысты 200-ге жуық құнды жәдігер сақталған.

 «Мынандай ғимарат көп болсын! Жасөспірімдеріміз әлем чемпионы болып, олимпиада чемпионы болып, қазақтың туын аспанға желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жүрсе, одан асқан бақыт жоқ!» – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров

Жалпы Ордабасы – спортшысы көп аудан. Мұнда халықтың 42 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Жаңа кешен осы көрсеткішті арттыруға, жасөспірімдер мен балаларды спортқа баулуға серпін бермек

Нұркен Әкімхан, Мақсат Күнібек, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Каспий теңізінде балық өсіру ісі жолға қойылмақ

Новости партнеров