Түркістан облысында қуаңшылықтан 50 мың гектардан астам бидай алқабы күйіп кетті

27.06.2025 19:02

Егін егумен айналысатын шаруалар қазір тіршілік нәрін кезекпен пайдалануға мәжбүр

Түркістан облысында қуаңшылық шындап сезіле бастады. Соңғы мәлімет бойынша, 50 мың гектардан астам алқапқа егілген дақыл бой көтермепті. Ал бұл жағдай 336 шаруаның жұмысына тікелей әсер етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Түркістан облысындағы мақта мен жүгері, бақша өнімдерін егуімен танымал өңірлер қуаңшылық қыспағында қала бастады. Соның бірі – Келес ауданы. Биыл мұнда жаңбыр болмай, жайылымда шөп шықпай қалған. Тұрғындар табиғаттың бұл тосын мінезін бұрын-соңды көрмедік дейді. 

«Күн ысып кетті де, шөбіміз бір аптаның ішінде қурап кетті. Ештеңе қалмады. Малымыз теңселіп, әлсіреп қалды. Жылда мұндай жағдай бола бермейтін. Енді жоғары жақтан халыққа бір жәрдем болса екен дейміз», – дейді Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны Мірәлі Тасқұлов.

Облыс әкімдігі мәселенің шешімі ретінде жаңа су қоймаларын салуды ұсынып отыр. Бірақ құрылыс – уақытты, ал диқан дәл бүгін суды қажет етеді. Әзірге амал іздеп отырған ақжағалылар әйтеуір, зардап шеккен шаруалар қолдаусыз қалмайды,- деп сендіріп отыр.

«Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Барлығын аудан әкімдерімен және несие беретін қаржы ұйымдарымен бірлесіп қарап жатырмыз. Облысымызда 336 шаруа мен 50 мың гектар жер осындай қауіптің астында екенін жоққа шығара алмаймыз. Министрлікке хабарланды. Ең бірінші кезекте несиені кейінге шегеру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

Егін егумен айналысатын шаруалар қазір тіршілік нәрін кезекпен пайдалануға мәжбүр. Бірақ бұл – уақытша амал. Сондықтан билік су тапшылығы қатты сезілген аймақтарда жаңа технология енгізуді бастады.

«Жалпы аудан бойынша 1300 гектар аумаққа жаңбырлатып суару технологиясы ендірілген. Оның 1000 гектардан астамы Бірлік ауылдық округіндегі шаруалар тарапынан алынған. Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігі – ағын су тапшылығы бар аумақтарда сол құрылғыны қою арқылы мал азығын дайындауға толық мүмкіндік беру», – деді Келес ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Өмірсерік Алтынбаев.

Айта кетейік, облыста 552 мың гектардай суармалы жер бар. Жауын-шашынның аздығы өзен-көлдің де деңгейін күрт төмендетіп жіберген. Ал егіні бітік шықпай, еңсесі түскен шаруаларға нақты көмекті көппен бірге біз де күтеміз.

Оқи отырыңыз: БАҚ өкілдеріне құрмет: Әуезов ауданында мерекелік шара өтті