Зардап шеккендердің барлығы қазір жансақтау бөлімінде жатыр
Жетісайдағы жойқын өрттен аман қалған үш адамның біреуі есін жиды. Соңғы деректер бойынша, зардап шеккендердің барлығы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
12 адамның өмірін жалмаған алапат өрт екі қабатты үйден лап етіп шыққан. Қара күйеге боялған, темір торлы терезелерден күйік иісі әлі де сезіледі. Көршілердің айтуынша, қызыл жалын таңғы уақытта басталған. Алдымен жанып жатқан үйдің ішінен әйелдің жанұшыра шыққан даусы естіліпті. Марқұм соңғы күшімен көмек сұрапты.
«Сағат 5-тен 5 минут өткенде көрдім. Намаз оқуға шығып едім, ана келіншек айқайлап жатыр екен. Апше жәрдем беріңізші деп. Оттың ішінен айқайлап тұр ма? Терезенің ішінен айқайлап тұр ғой. Екінші этаждан. Далаға шыға алмай тұр ғой келіншек. Ол іште айқайлап тұр, мен сыртта естіп жүгірдім, көршілерді ояттым, кейін баламмен бардық», – деді көршісі Қанайым Жүнісова.
Бұл қасіреттің ең жан ауыртар тұсы да сол, қаза тапқандардың 9-ы кәмелетке толмаған балалар. Ең кішкентайы небәрі бір жаста болған. Марқұмдардың барлығы – бір әулеттің адамдары. Олар көрші елдімекендегі ағасының сүндет тойынан қайтып, Алғабас ауылындағы туыстарының шаңырағына түнеуге тоқтаған.
«Ішке кіріп шықтым. Ішкі істер саласынан куәгер ретінде шақырды. Көрсем ішінде дым қалмаған. Ішінде ешкім жоқ, бірақ ішінің бәрі жанып кеткен. Көрінетін нәрсе жоқ, барлығы жанған. 100 пайыз өртеніп кеткен», – деді көршісі Қайыргелді Божымбетов.
«Баласы егіз бала еді. Соның біреуін көрдім. Қатып қалған, шашы күйіп кеткен, құйқа болып», – деді көршісі Қанайым Жүнісова
Алдын ала тексеріс өрттің газдан тарамағанын көрсетіп отыр. Мамандар «оқиғаға электр жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін» дейді.
«Қазір эксперттер жұмыс істеп жатыр. Бірақ газ қазандықтары сыртта орналасқан. Негізі сараптама анықтайды. Қазір тергеу жүріп жатыр», – деді облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов
«Жеке тұрғын үйге жеткен кезде 360 шаршы метрден өрт шығып жатты. Үйдің ішінде өрт сөндірушілермен 12 мәйіт табылды. Қазіргі кезде өрт не себептен болғаны анықталуда. Оқиға орнында жұмыс жүріп жатыр», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев.
Қаралы шаңыраққа облыс әкімі арнайы барып, марқұмдардың жақындарына көңіл білдірді. Жергілікті билік өкілдері барлық қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия да құрылды.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында өрттен қаза тапқан 12 адамның аты-жөні белгілі болды