Сарыағаш пен Келес аудандарында зиянкестер көбейіп, жағдай күрделене түсті
Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес күшейтілді. Фитосанитариялық ахуалды бақылауда ұстау мақсатында арнайы штаб құрылды. Тіпті, зиянкестерге қарсы қолданылатын дәрілердің сапасы да қатаң тексеріліп жатыр. Өйткені өңірдегі бірнеше аумақ «қауіпті аймақ» санатына енген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарыағаш пен Келес аудандарында зиянкестер көбейіп, жағдай күрделене түсті. Қазір бұл аумақтар жоғары қауіпті аймақ ретінде тіркелді. Ал Арыс қаласы мен оған іргелес елдімекендерде ахуал орташа деңгейде деп бағаланып отыр.
«183 мың га аумақта зиянкестердің экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталып, шегіртке дернәсілдерінің жер бетіне шығуы бірінші сәуірден тіркелді. Қазіргі уақытта 4 жастағы дернәсілдер 65% құрап, 3 жастағы дернәсілдер 30%, 2 жастағы дернәсілдер 5% құрап отыр», – деді ҚР АШМ комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының м.а. Марат Орынбаев.
Бүгінде зиянкестердің нақты шоғырланған орындарын анықтау үшін шөбі қалың алқаптарда бақылау күшейтілді. Әсіресе, Өзбекстанмен шектесетін аумақтар ерекше назарға алынған. Бұған қоса, химиялық өңдеу шаралары қолға алынып, оған 133 млн теңге бөлінді.
«36 мың га алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша залалсыздандыру жұмыстары Арыс қаласында, Келес, Сарыағаш, Шардара аудандарында жүргізіледі. Зиянкестер басқа да аудандардан анықталған жағдайда өңдеу жұмыстары тиісінше жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз», –деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев.
Жалпы алғанда, облыстағы фитосанитариялық ахуал тұрақты. Жауаптылар жоспарланған жұмыстар өз уақытында аяқталады деп сендіріп отыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды