Түркістан облысында шегіртке шектен тыс көбейіп кетті

18.04.2025 20:38

Биыл облыста Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372 мың гектар аумақта жүргізіледі

Түркістан облысында шегірткелер ерте шығып, шаруаларды сары уайымға салды. Биыл мұндағы 9 ауданда зиянкестер шамадан тыс шоғырланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандар Марокко шегірткесінің дернәсілдерін улап жатыр. Бұл жұмысқа еріктілер мен өзге де ауыл тұрғындары тартылған. Олар зиянкестер орналасқан жерлерге арнайы белгі қойып, техникамен дәрілеуге жағдай жасайды. Ал дернәсілдердің ең көп шоғырланған аумағы ұшақ арқылы әуеден залалсыздандырылып, химиялық тұрғыда өңделмек.

«Қырды аралап, қай жерде шегіртке бар қызыл шүберек тағып, әрі қарай  кете береміз. Дәрі шашатын кісілер дәрілейді. Майда балапандары жатады, жою үшін күшімізді салып жатырмыз, – деді ерікті Айдын Құрметов.

Биыл облыста Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372 мың гектар аумақта жүргізіледі. Қажетті су, жанармай таситын және дәрі шашатын 256 арнайы техника жұмыс істемек. Енді оларға 4 «АН-2» ұшағы көмекке келді. Бір ұшақ әуеге көтерілгенде 200 гектар жерді химиялық өңдеуден өткізеді десек, мамандар олардың әрқайсысы күніне 5-7 рет ұшады деп отыр. Сонда олар күн сайын 5 мың гектар аумақты залалсыздандырады.

 «Бүгінгі таңда 1 млнға жуық аумақтың 250 мың гектарына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның 95 мың гектары химиялық өңдеуден өтіп отыр. Есептеулерге сәйкес, 23 күннің ішінде химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді аяқтауымыз керек. Бірақ 25 сәуірге дейін негізгі жұмысты аяқтап, 1 мамырға дейін қалып кеткен аумақтарды тазалау жүргіземіз деген жоспар бар», – деді облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұрбол Бекмұратов.

Оқи отырыңыз: Каспий теңізін зерттеу институты қағаз жүзінде құрылды - Әділбек Қозыбақ