Түркістан облысында жол апатынан бір әулеттің 5 қызы мерт болды

Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші автокөлікті қатты айдап келіп, жол жиегіндегі ағашқа соғылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында жантүршігерлік жол апаты болып, бір әулеттің 5 қызы мерт болды. Ең өкініштісі -– қайтыс болғандардың барлығы кәмелетке толмаған. Апаттан тағы бір бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қайғылы оқиға Түлкібас ауданы Еңбекші ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші автокөлікті қатты айдап келіп, жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Соққының ауыр болғаны сонша, көліктегі алты адамның бесеуі оқиға орнында жан тапсырған.

Көлік тізгіндеген қыз жуырда ғана мектеп бітіріпті. Бойжеткен Ұлттық Бірыңғай тестілеуден өтіп, студент атануды армандап жүрген. Алайда барлығы бір сәтте аяқсыз қалды.

«Үйіне көңіл айтып барып, келдік. Бәрі боздап, жылап отыр. Қыз менің немереммен оқиды екен», – деді Еңбекші ауылының тұрғыны Бейсекүл Күдериева.

Апаттан аман қалған жалғыз баланың хәлі ауыр. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Қара жамылған отбасы пікір білдіруден бас тартты. Ал полицейлер қылмыстық іс қозғап, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі ағашқа соқтығысқан. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», – деді Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Өкінішке қарай, өңірде жол көлік оқиғасы жиілеп барады. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 5 айдың өзінде жол апатынан 100 адам қаза тапқан.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Студенттерді алдаған күдікті елге қайтарылды