Түркістан облысында жылыжайлар жабылып, шаруалар көшеттерін жұлуға мәжбүр
Түркістан облысында жылыжайлар жаппай жабылып жатыр. Себебі диқандар бірнеше жылдан бері кәсібінен пайда көрмек түгілі, шығынын да өтей алмай жүр. Биыл жағдай тіпті қиындаған. Шығынға батқан кәсіпкерлердің алды баптап өсірген көшеттерін өз қолдарымен жұлуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаңтар-ақпан айларына дейін өнім беруі тиіс мына қияр көшеттері пісіп-жетілмей жатып оталып жатыр. Өйткені оларды өсіруге кеткен шығынды ақтау мүмкін болмай тұр. Нарықта сырттан әкелінген арзан көкөніс көбейіп, жергілікті өнімге сұраныс төмендеген. Бағаны түсірсе – шығын, көтерсе – сауда жоқ. Сөйтіп, шаруалар айлап күткен өнімінен бас тартуға мәжбүр.
«3,5 гектардан 1,5 гектарын амалсыздан алып тастадық. Қазір бұл жерге 10 миллион теңге шығын кетіп отыр. Егер ақпанға дейін өсіретін болсам, шығын 20 миллион теңгеге жетеді. Ал өнімді қазіргі бағамен сата алмаймын. Сондықтан амалсыздан көшеттерді жұлып жатырмын», – деді жылыжай иесі Әли Асадов.
Сарыағаштағы екі мыңға жуық жылыжай иесі соңғы үш жылдан бері осы мәселемен күресіп келеді. Диқандар бірнеше рет дабыл қағып, жауаптылардан көмек сұрағанымен, нақты нәтиже болмаған.
«Сырттан келетіндер өнімді бізге әдейі арзан бағамен әкеледі. Бізді нарықтан ығыстырғаннан кейін қымбат сатады. Тауарларға салынатын баж салығын көбейту керек. Бізді қорғау қажет. Өзіміз өндірген өнімді өзіндік құнынан төмен сататын болсақ, банкрот боламыз. Сырттан келетін өнімдердің бағасын біздің өнімнің бағасымен теңестіру керек. Сонда ғана әділ сауда мен әділ бәсекелестік болады», – деді Қазақстан фермерлік жылыжайлар одағының төрағасы Данияр Қалтаев.
Жылыжайлардың жабылуы шаруалардың ғана емес, нәпақасын осы кәсіптен тауып жүрген қарапайым тұрғындардың да жағдайын қиындатқан. Өйткені аудан тұрғындарының басым бөлігі маусымдық жұмысқа жалданып, отбасын асырап отыр. Енді жылыжайлар жұмысын тоқтатса, олар да табыссыз қалуы мүмкін.
«Біздің ауылда басқа жұмыс жоқ. Күнкөрісіміз – осы. Жылыжайлардың бәрі жабылып жатыр. Міне, соңғы күндері жұмыс істеп жүрміз. Қияр тереміз, бірақ өтпейді. Диқандардың жұмысы жүрмей қойды. Егер олар жұмысын тоқтататын болса, бізге де жұмыс болмайды. Ауылда жұмыс болмаған соң, қарапайым халықтың бәрі жылыжаймен күн көріп отыр», – деді жұмысшы Венера Шынәлиева.
Ал жауапты басқарма өкілі шаруалардың бұл уәждерімен келіспейді. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, биыл Сарыағаш ауданындағы агроқұрылымдарға 2 миллиард теңгеге жуық субсидия бөлінген.
«Жалпы, біз қазір талдау жүргізіп шықтық, жылыжай иелерімен де сөйлестік. Бүгінде бір келі қиярдың өзіндік құны 350–370 теңгені құрайды. Ал саудадағы бағасы 850–900 теңге шамасында. Қазіргі таңда баға жақсы деп айтуға болады», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов.
Импорттық бәсекенің салдарынан жылыжайлар жаппай жабылса, аймақта жұмыссыздық белең алуы мүмкін. Себебі тек Сарыағаш ауданының өзінде 30–40 мыңға жуық адам осы салада еңбек етеді. Сондықтан шаруалар мәселе ушықпай тұрып, нақты шешім қабылданғанын қалайды.
Лаура Бабас, Almaty TV, Түркістан облысынан