Табиғи нысанның туристік әлеуетін толық пайдалануға инфрақұрылым мәселесі кедергі келтіріп отыр
Түркістан облысындағы Қызыл кітапқа енген Бұхар бұғыларының саны үш жүзден асты. Мамандар сирек кездесетін жануарларды күтіп-баптап, табиғи ортаға бейімдеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Алайда бұл сұлулықты өз көзімен көргісі келетін туристер үшін жол азабы басты кедергі болып тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сырдарияның жағасы – Бұхар бұғыларының құтты мекені. Кезінде киелі шаһарға сыйға тартылған санаулы жануар бүгінде Сырдария бойында еркін көсіліп жүр. Тұқымбақ ашылғалы бері осы жерде табанды еңбек етіп келе жатқан бұғы бағушы Фёдор Бочаров әр жануардың мінезін жатқа біледі. Айтуынша, бұғылардың күнделікті мәзірі мен дәрумендері әр грамына дейін қатаң есептеледі екен.
«Жем-қызылша, картоп, капуста бәрі – 500 грамнан беріледі. 12 кг шөп, 3-4 кг жем жейді. Қоршаудың ішінде 41 бас, 4 төлі бар», – деді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкері Фёдор Бочаров.
Бұхар бұғыларын көруге құштар жандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Алайда табиғи нысанның туристік әлеуетін толық пайдалануға инфрақұрылым мәселесі кедергі келтіріп отыр. Себебі тұқымбаққа апаратын жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Дегенмен табиғат аясында демалуға келген қонақтарды қарсы алып, ақпараттық қолдау көрсетуге жауапты мамандар қызметін жалғастырып келеді.
«Биыл 3000-нан аса турист келді. Егер бір топтар келетін болса, қызығушылық танытатса, арнайы гид маманы бар. Сол кісі келіп түсіндіріп, көрсете алады», – деді
«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Дарханқызы.
Өңірдегі экожүйені сақтау тек бұғыларды көбейтумен шектелмейді. Мұнда Сырдария қырғауылдарын жасанды жолмен өсіру қолға алынған. Екі гектарлық аумақты алып жатқан тұқымбақта екі мыңнан астам құс өсіп жатыр. Мамандар ерекше қорғалатын аумақтағы бұл жұмыстар аймақтың биоалуантүрлілігін байытып қана қоймай, экологиялық теңдікті сақтауға септігін тигізбек.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Алматы хайуанаттар бағында ақбөкендер лақтады