Түркістан облысындағы жүргізушілер электронды таразыға наразы
Инспекция басшысының айтуынша, айыппұл арқалаған жүргізушілерге тиісті нұсқама жіберілген
«Артық жүк тиемесек те, миллиондаған теңге қарызға баттық» Түркістан облысындағы электронды таразының жұмысына жүк көлігінің жүргізушілері наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Келес ауданындағы автоматты өлшеу станциясы биыл көктемде орнатылған. Ал қыркүйек айынан бастап жүргізушілерге жаппай айыппұл келе бастапты. Солардың бірі – Қытай мен Өзбекстан арасында транзиттік жүк таситын Жантөре Жұмаханов. Ол рұқсат етілген 44 тонналық шектен аспай, 6 осьті көлігіне 42 тонна ғана жүк тиеген. Алайда екі аптадан кейін Келестегі таразыдан 778 мың теңгенің айыппұлы келіп түскен.
«Көлік өзімдікі емес, иесі айыппұлды өзіме төле дейді. Мен жалға алған машинаның ақысын зорға төлеп жүрмін. Енді оны да қоса төлейтін болсам... Жемісін көрмеген нәрсеңе ақша төлеп жатқаныңа күйінесің», – деді жүк көлігінің жүргізушісі Жантөре Жұмаханов.
Көлік жүргізушілерінің арасында 500–600 мың теңгеден бастап 2 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалағандар бар. Кейбірі амалсыз төлесе, енді бірі төлеуден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Мәселен, Ғалымжан Абдуллаев Шымкенттен 25 тонна жүк тиеп шыққан. Көліктің өз салмағы 17 тонна екен. Ал Келестегі таразы оны 50 тоннадан асып кетті деп, 346 мың теңге айыппұл салған.
«Халықты тонау болып тұр ғой. Жоқ жерден бірдеңені шығарады. Ереже бұзсақ – төлейік. Адам болғаннан кейін қателік болады. Жылдамдықты асырып жібересің, кей жерлерде байқамай дұрыс жүрмей қаласың, айыппұл келеді, төлеп жатырмыз. Ал істемеген нәрсемізге не үшін ақша төлеуіміз керек?» – деді жүк көлігінің жүргізушісі Ғалымжан Абдуллаев.
Көліктік бақылау инспекциясы автоматты таразының мүлтіксіз жұмыс істеп тұрғанын алға тартады. Құрылғының арнайы сертификаты бар және ол тәулік бойы адам факторының қатысуынсыз қызмет көрсетеді. Мекеме басшысының сөзінше, станцияда ешқандай техникалық ақау тіркелмеген.
«Автоматтандырылған өлшеу станциясының иесі – «ҚазАвтоЖол». Егер ақаулар анықталса, олар бізге хабарлама беруі тиіс. Бүгінгі таңда ешқандай хабарлама жоқ. Бұл автоматты өлшеу станциялары дұрыс жұмыс істеп тұр деп сенімді түрде айта аламыз. Келес ауданындағы станция бойынша барлығы 220 миллион теңге айыппұл салынды», – деді Түркістан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ербол Ахметов.
Инспекция басшысының айтуынша, айыппұл арқалаған жүргізушілерге тиісті нұсқама жіберілген. Олар 7 тәулік ішінде айыппұлдың 50 пайызын жеңілдікпен төлей алады. Ал 2 ай ішінде төлемесе, іс жеке сот орындаушыларына беріліп, қаражат мәжбүрлі түрде өндіріледі. Алайда өзінің жазықсыз екеніне сенімді жүргізушілер құзырлы органдарға шағымданмақ.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда Центральная көшесінің бір бөлігі бірнеше түнге жабылады