Ота 2 сағат 50 минутқа созылды
Түркістан қалалық балалар ауруханасында медицина тәжірибесінде сирек кездесетін әрі аса күрделі ота сәтті жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
15 жастағы қыз шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Тексеру барысында асқазан қуысында ірі көлемді бөгде зат анықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер шұғыл шешім қабылдап, күрделі хирургиялық ота жасады. Науқастың асқазанынан салмағы 900 грамм болатын шаш түйіні алынды.
«Отадан кейін бала жандандыру бөліміне ауыстырылды. Жағдайы тұрақты. Бүгінгі таңда ауыр және тұрақты жағдаймен хирургия бөліміне ауыстырылды. Қазіргі таңда баламыз емін жалғастыруда», – деді Түркістан қалалық балалар ауруханасы Хирургия бөлімінің меңгерушісі Бағдат Байкеев.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар медицинада өте сирек кездеседі және дер кезінде көмек көрсетілмеген жағдайда ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Алаяқтарды абоненттік нөмірлерімен қамтамасыз еткен тұлғалар анықталды