Түркістанда агробизнесті қолдауға бөлінген 3 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы жымқырылды

23.07.2026 20:29

Сот қылмыстық топтың 27 мүшесін кінәлі деп танып, әрқайсысын 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды

Түркістанда 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған. Қаржылық мониторинг агенттігі 2016–2021 жылдары агробизнесті қолдауға бөлінген қаржыны жымқырған топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тергеу дерегінше, күдіктілер жалған шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерді тіркеп, қолдан жасалған құжаттар арқылы несие рәсімдеген. Жалпы 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталып, 24 жалған несие рәсімделген. Сот қылмыстық топтың 27 мүшесін кінәлі деп танып, әрқайсысын 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

«Бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары мүлікті бағалау туралы жалған есептер жасап, шын мәнінде жоқ немесе көрсетілген құнына сәйкес келмейтін мүліктің бар екенін растаған. Ал нотариустар ақшалай сыйақы үшін кепілге қойылатын мүлікке қатысты жалған құжаттарды куәландырған. Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 автокөлік тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Есірткімен күрес: Атырауда биыл 500-ден астам рейд өткізілді